Теофимо Лопестен шеберлік сабақ, Робейси Рамирестен нокаут
30 маусым күні қазақстандық бокс жанкүйерлері әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясы ұйымдастырған бокс кешіне куә болды. АҚШ-тың Майами-Бич қаласында өткен жекпе-жектің басты айқасында америкалық Теофимо Лопес канадалық Стив Клэджеттпен жұдырықтасып, бірінші жартылай орта салмақтағы (63,5 кг) WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын екінші мәрте сәтті қорғады.
Ringkz порталы АҚШ-та өткен кәсіби бокс кешінің негізгі екі орталық жекпе-жегіне шолу жасап көрді.
Кәсіпқой бокстың базарынан қайтып бара жатқан 35 жастағы Стив Клэджеттәлем чемпионы атанатынсоңғы мүмкіндігін уысынан шығарып алды. Бұған дейінгі карьерасында бірде-бір мәрте чемпиондық атаққа таласып көрмеген Стивке енді мұндай мүмкіндік берілмейтін де шығар.
Соны түсінген канадалық боксшы Теофимо Лопеске қарсы өткен жекпе-жекті ә дегеннен белсенді бастап, рингтің ортасын иеленуге тырысты. Қарсыласын қыспаққа алып, дәл соққыларын көбірек жұмсап қалуға ұмтылды.Әрине, Лопес те қара жаяу боксшы емес екенін, жайдан-жай әлем чемпионы атағын иеленбегенін көрсетіп бақты. Қорғаныста сауатты өнер көрсетіп, реті келгенде кросс соққыларымен, сол жақ хуктарымен Клэджеттің аптығын басуға тырысып жүрді.
Екінші раундта Клэджетт қарқынын арттырып, қарсыласын төпелеп соққының астына алды. Мұндай қарқынды күтпеген Лопес алғашында не істерін білмей, абдырап қалды. Сөйтті де бірнеше қауіпті соққыларды өткізіп алды. Дегенмен, мұндай деңгейдегі көп боксшымен жұдырықтасқан Теофимо қарсыласының қыспағынан жылдам құтылып, арақашықтықты ұстап жұдырықтаса бастады.
Төртінші раундтан кейін Лопес жекпе-жек тізгінін өз қолына алып, қарсыласына дайындап келген апперкот, алыстан бағытталатын оң қол хуктарын бірнеше рет дәл тигізді. Кездесу белортасынан асқанда Теофимо Лопестің жеңіске жететіні белгілі бола бастады. Өйткені Клэджеттің жылдамдығы азайып, шаршап қалды. Кейінгі раундтарда дәл және ауыр соққы жасаудың өзі мұңға айналды. Ал Лопес болса рингте еркін ойқастап, чемпионға лайық өнер көрсете бастады. Тіпті, 8-раундта Теофимо айқасты мерзімінен бұрын аяқтауы да мүмкін еді. Алайда ол қарсыласына толық 12 раунд жұдырықтасып шығуына жағдай жасап, нокаутқа жіберуге тырыспады.
Сөйтіп бір жақты өткен жекпе-жекте америкалық чемпион Теофимо Лопес төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен айқын жеңіске жетті. 120-108, 119-109 және 120-108.
Шоудың екінші орталық жекпе-жегінде кубалық екі дүркін Олимпиада чемпионы және жеңіл салмақтағы (57,2 кг) WBO белбеуінің бұрынғы иегері Робейси Рамирес (14-2, 9 КО) мексикалық Брендон Леон Бенитеспен (21-3, 9 КО) қолғап түйістіріп, қарсыласын нокаутқа жіберді.
Рамирес карьерасында екі рет жеңілістің кермек дәмін татса да, кез келген боксшы үшін қауіпті қарсылас саналатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Солақай боксшы Робейси бұл жолы да өз стилінде жұдырықтасып шықты. Яғни, жекпе-жекті баяу қарқынмен бастайды да, уақыт өте келе позициялық бокс көрсетіп, кубалық боксшыларға сай неше түрлі финттер жасайды. Кез келген боксшы жекпе-жекті өзіне ыңғайлы күйде бастайды ғой. Егер қарсыласы өзінің жоспарымен емес, боксшының ыңғайына түсіп жұдырықтасатын болса, онда ол сол айқаста жеңілді дей беруге болады. Бенитес те дәл солай Рамирес ұсынған жекпе-жекті қабылдап, ақыр соңында нокаутпен жеңіліп қалды.
Робейси жекпе-жекті баяу бастаған соң Бенитес соққы жасап қалуға тырысты. Бірақ қолды-аяққа тұрмайтын Рамирес қарсыластың соққысынан тез сытылып кетіп, өзі соққысын дарытып отырды. Кубалық қабыланның кездесуді 3-раундта аяқтап тастайтын мүмкіндігі болды. Бірақ ол да Лопеске ұқсап қарсыласына жұмыс істеуіне, жанкүйерлерге өз өнерін көрсетуіне жағдай жасап берді. Дегенмен 7-раундқа келгенде Бенитес қорғаныста тым ұқыпсыз жұмыс істеп, нәтижесінде Рамирестен апперкот соққысын өткізіп, нокаутқа түсіп қалды. Төреші 8-ге дейін санағанымен мексикалық боксшы орнынан тұра алмады. Сөйтіп төреші жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды. Нокаут!