Теофимо Лопес – Стив Клэджетт: Жексенбі күнгі жекпе-жектер
Кәсіпқой бокс жанкүйерлерін алдағы жексенбі күні, яғни 30 маусымда үлкен бокс кеші күтіп тұр. Әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтетін жекпе-жектің басты айқасында бірінші жартылай орта салмақтағы (63,5 кг) WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы америкалық Теофимо Лопес пен белдікке үміткер канадалық Стив Клэджетт жұдырықтасады.
Ring kz порталы АҚШ-тың Майами-Бич қаласында өтетін кәсіби бокс кешінің негізгі екі орталық жекпе-жегінің қатысушыларын назарларыңызға ұсынады.
Теофимо Лопес (20-1, 13 KO) – Стив Клэджетт (38-7-2, 26 KO)
АҚШ – кәсіпқой бокстың отаны болғандықтан, бұл елден кәсіпқой бокста атой салып жүрген былғары қолғап шеберлері көптеп шығып жатады. Қазір оларды санамалап, аты-жөндерін атап жатудың өзі артық шығар.
АҚШ-тан шыққан талантты боксшының бірі – 26 жастағы Теофимо Лопес. Шыққан тегі гондурастық болған ол әуесқой бокста көп жүрмесе де, бірнеше турнирде топ жарып, 2016 жылғы Рио Олимпиадасына қатысты.
Олимпиадада жолы болмаған соң (бірінші айналымда франциялық Софьян Умиадан жеңіліп қалды), бірден кәсіпқой боксқа ауысып, қарсыластарын қоғадай жапырып келеді. Әрине, күтпеген жерде есімін кәсіпқой бокс әлемінде қалыптастырып үлгермеген аустралиялық Джордж Камбосостан жеңіліп қалғанын есептемегенде. 2018 жылы Теофимо кәсіпқой бокста «Жыл жаңалығы» атанып, 2019 жылы жеңіл салмақтағы алғашқы IBF титулын жеңіп алды. Әлем чемпионы атағын даңқты боксшы Ричард Комиден тартып алды.
2020 жылы Лопес абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өз салмағының үздігі украиналық Василий Ломаченкомен шығып, бокс әлемінде үлкен сенсация жасап, Ломаченконы түксіз қалдырды. Өкінішке қарай, келесі жылы аустралиялық Джордж Камбосостан жеңіліп, бүкіл белдігінен айырылды.
Ал 2023 жылы WBO белбеуін осы салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы британиялық Джош Тейлордан жеңіп алды. Аталған белдігін алғаш рет Джемейн Ортизге қарсы сәтті қорғаса, екінші рет канадалық Стив Клэджеттен қарсы айқаста қорғамақ.
35 жастағы Стив Клэджеттбала кезінде өте сотқар жігіттің бірі болған. Бірнеше рет бұзақылық жасап, полиция бөлімшесіне түскен. 18 жасында еш хабарсыз үйінен кетіп қалып, аяқ астынан боксқа келген спортшы. Карьерасының алғашқы жылдарында спортзалда түнеп, Канададағы кішігірім бокс кештерінде жекпе-жек өткізіп жүрді. Бір қызығы, ол карерасындағы басым айқастарына жаттықтырушысыз, тек өзінің шеберлігі арқасында шығып жүрді. Канададағы кезекті бір жекпе-жекте ол отандасы Матье Жерменнен жеңіліп, сол кезде бапкермен жұмыс істеу керек екенін түседі. Клэджетт еш ойланбастан Жерменнің бапкері Майк Моффатқа барып, өзін жаттықтыруын және жекпе-жектерде дұрыс тактика қойып беруін сұрайды. Бапкер де Стивтің ұсынысын қабыл алып, әлі күнге дейін бірге жұмыс істеп келеді. Содан бері Клагетт бірде-бір жекпе-жегінде жеңілген жоқ. Тіпті ол карьерасында Альберто Мачадо мен Мигель Мадуено секілді мықты боксшыларды жеңген. Бұл жолы қалай болатынын АҚШ-тағы айқас анықтап бермек.
Робейси Рамирес (13-2, 8 KO) – Брендон Леон Бенитес (21-2, 9 KO)
Екінші орталық жекпе-жекте екі дүркін Олимпиада чемпионы кубалық Робейси Рамирес мен мексикалық Брендон Леон Бенитес жұдырықтасады.
Өздеріңіз білетіндей, Куба өз боксшыларына кәсіпқой бокспен шұғылдануға заң бойынша шектеу қойған. Яғни, кез келген елдің боксшылары сияқты Бостандық аралының өкілдері өз елінде кәсіпқой бокспен еркін айналыса алмайды. Өйткені Кубада адамдар боксқа ұлттық өнер, тіпті дін ретінде қарайды. Бразилия футболды қалай ұлықтаса, Куба да бокс өнеріне үлкен құрметпен қарайды.
Сондықтан да кубалық боксшылар жан бағып, кедейліктің қамытынан құтылу үшін АҚШ-қа қашып, кәсіпқой бокста өнер көрсеткісі келеді. Робейси Рамирес те кубалық өзге боксшылар сияқты өз елінен қашып, әрең дегенде АҚШ-қа жеткен. Куба ұлттық құрамасының Мексикадағы кезекті оқу-жаттығу жиынында жүргенде Рамирес қонақ үйден қашып шығып, 8 ай бойы Мексикада бой тасалап жүрді. Ақыр соңында Мексиканың АҚШ-пен шектесетін Тихуана қаласы арқылы заңсыз түрде АҚШ шекарасын кесіп өтіп, қиыншылықпен болсын АҚШ-қа жетті.
Кәсіпқой бокстың отанына келе салып Рамирес Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырды. 2019 жылы дебютті жекпе-жегін өткізіп, өкінішке қарай Адан Гонсалестен ұпай санымен жеңіліп қалды. Кейіннен қалған айқастарының бәрін жеңіспен аяқтап, 2023 жылы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Чемпиондық жолда ол британиялық Айзек Догбодан басым түсті. 2023 жылдың соңында белдігін ешкімге белгісіз мексикалық боксшы Рафаэль Эспиностен (22-0, 18 КО) ұпай саны бойынша жеңіліп, карьерасында екінші мәрте жеңілістің кермек дәмін татып қана қоймай, чемпиондық атағынан да айрылып қалды.
Рамирестің қарсыласы Брендон Леон Бенитесті аса танымал боксшы деп айта алмаймыз. Мексикалық боксшы карьерасында 23 кездесу өткізіп, соның 21-інде жеңіске жеткен. Тек екі айқасында ғана жеңіліп қалған. Дегенмен, спорттық жолында бірде-бір рет даңқты қарсыласпен жұдырықтасып көрмеген. Айқастарының басым бөлігін Мексикада өткізген. Десе де, Леон Бенитесті осал боксшы деп айтуға болмайды.
Спортта ұсақ-түйек болмайды деген сияқты, кез келген қарсыластан үлкен қауіп тудырады. Спорт қателікті, менсінбеушілікті кешірмейді. Сондықтан бұл жекпе-жекте кубалық қабылан Робейси Рамиресті тағы бір үлкен сынақ күтіп тұр деуге толық негіз бар.
Лопес-Клэджетт бокс кешінің толық карды:
Теофимо Лопес (20-1, 13 KO) – Стив Клэджетт (38-7-2, 26 KO)
Робейси Рамирес (13-2, 8 KO) – Брендон Леон Бенитес (21-2, 9 KO)
Ян Сантана (11-0, 11 КО) – Брендон Вальдес (15-4, 7 КО)
Элвис Родригес (15-1-1, 13 KO) – Джино Родриго (12-3-2, 10 КО)
Роан Поланко (12-0, 7 KO) – Луис Эрнандес Рамос (23-4, 20 КО)
Юри Седеньо (8-0-1, 7 KO) – Дормедес Потес (14-6-1, 10 KO)
Нико Али Уолш (9-1, 5 KO) – Сона Акале (9-1, 4 КО)
Эмилиано Варгас (10-0, 8 KO) – Хосе Сарагоса (9-8-2, 3 КО)
Лоренсо Медина (10-0, 9 КО) – Детрейлус Уэбстер (7-3, 3 КО)
Айта кетейік, қазақстандық бокс жанкүйерлері аталған жекпе-жек кешін 30 маусым күні таңертең «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.
Фото: Top Rank