«Темір Тайсон» туралы сізге қызық 10 дерек

30 июня 2018 г.
«Темір Тайсон» туралы сізге қызық 10 дерек

Бүгін әйгілі Майк Тайсонның туған күні. 1985-2000 жылдар аралығында аса ауыр салмақты «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған «Нокауттардың патшасы» 52-ге толып отыр. Ендеше туған күні қарсаңында «Темір Тайсон» туралы сізге қызық 10 деректі ұсынбақпыз.

1966 жылы Нью-Йорктің Бруклин қалашығында дүниеге келген. Өгей әкесінің қолында өсті. Ал өз әкесі іште жатқанында-ақ кетіп қалған. Кішкентайынан әлжуаз болып өскен Майк қатарластарынан жиі теперіш көрді. 10 жасына дейін өзін қорғай алмайтын халде еді. Алайда, бір сәттік ерлік оның өмірін күрт өзгертіп жіберді. Көгершін өсіргенді жақсы көретін. Бір күні жергілікті жүгірмектердің бірі оның кептерін қолынан тартып алып, басын жұлып өлтіріп тастайды. Сол сәтте шыдай алмаған Майк әлгі балаға тұра жүгіріп, есінен танғанша сабап тастаған екен. Содан кейін Тайсонды көшенің балалары сыйлайтын болып, бұзақылаға қосылды. Жасөспірімдер арасындағы түзеу мекемелеріне де жиі түсіп, түрме көрген кездері де болған. Әйгілі Мохаммед Әлимен де сол жерде танысты. Бірақ «Бокс королі» түрмеге жастарға дәріс оқу мақсатында барған еді. Сол күннен бастап, Майктың боксқа деген қызығушылығы артып, қолына былғары қолғап киді.

Кәсіпқой бокстағы ең алғашқы айқасын Майк Тайсон 1985 жылдың 6 наурызында өткізген. Қарсыласы пуэрто-риколық Эктор Мерседес Тайсонға дейін үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де жеңіліп қалған. Бұл жолы да бір раундқа да шыдай алмады. Ал 1995 жылға дейін 11 рет шаршы алаңға шыққан Мерседес соның біреуінде ғана ұтып, қалғанының барлығында ұтылған екен.

Тайсон ше? 1985 жылдан 2005 жылға дейін 56 рет шаршы алаңға шыққан «Темір» боксшы соның алтауында ғана жеңілген. Алғашқы 37-і кездесуінде жеңілістің кермек дәмін татқан емес. Тек 1990 жылы алғаш Джэймс Дугластан күтпеген жерден нокаутпен ұтылды. Кейін қатарынан екі рет Эвандер Холифилдтан жеңілді. Ал карьерасының соңғы кезеңдерінде Леннокс Льюис, Дэнни Уильямс және Кевин МакБрайдтардан таяқ жеді. Дегенмен, «Темір Майк» деген атақты боксшы мәңгілікке өзінде сақтап қалды. Ол өзінің 44 айқасын мерзімінен бұрын аяқтаған, 23 жекпе-жегінде мәселені бірінші раундта-ақ шешіп тастаған.

Нокаут демекші, 1988 жылы Майк Тайсон 91 секундтың ішінде 20 миллион доллар тапқан. Иә-иә,«Нокауттардың патшасына» қарсыласы Майкл Спинксті құлату үшін сонша уақыт жеткілікті болды. Оның алдында Тайсон 1986 жылы Джо Фрейзердің Марвисті 30 секундтың ішінде талдырған. Ал 1982 жылы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында 16 жасар Тайсон қарсыласын 8 секундта құлатқан.

Тайсон туралы айтқанда, оның Эвандер Холлифилдпен текетіресіне тоқталмай кетуге болмайды. Шынын айтқанда, бұған дейін ешкімге беймәлім болған Холлифилдті күллі әлемге мәшһүр еткен Тайсон. 1996 жылдың қарашасында Эвандерден нокаутпен ұтылған Майк келесі жылы қайта қарымта айқасқа шақырды. Бірақ, бұл жолғы жекпе-жегі де шарасыз болып, жүйкесі сыр берді де, қарсыласының құлағынан қырш еткізіп тістеп, жартысын жұлып алды. «Оның жұдырықтасуы маған ұнамады. Баспен кіріп кете береді. Әбден қанымды қарайтты. Сосын тістеп алдым. Сайтан алғыр, ол мықты боксшы», – екен деді кейін бұл туралы «Темір Тайсон». Кейбір мамандар сол жекпе-жекте Майктың шаршы алаңға шегіп алып шыққанын да айтады.

Жалпы, Майк Тайсон нашақорлықты заңдастыруды қолдағандардың бірі болған. Мәселен, осы жылдың басында Майк Калифорниядан есірткі өсіру мақсатында 16 га жер сатып алыпты.

Майк Тайсонның бетіндегі үлкен татуды байқаған шығарсыз. Жалпы, оның денесі толған сурет. Бетіндегі Майя стиліндегі суретті Леннокс Льюистен жеңілгеннен кейін салдыртқан. Одан бөлек, денесінде екінші әйелінің портреті, теннисші Артур Эштің суреті, қабырғасында Че Гевараның бейнесі, Мао Цзе Дунның портреті және айдаһардың суреті бар. Бұдан басқа да әртүрлі жазу мен шимайлар толып жатыр. Кім білсін, бәлкім, біз көрмеген әлі талай татуы бар шығар. Ал жас кезінде Тайсон бет-жүзін кішкентай жүректермен толтырып тастағысы келген екен. Қайта суретші тоқтатыпты.

Майк Тайсон бүгінге дейін 40 шақты фильмдар мен сериалдарға түскен. Дегенмен, тек өз-өзін ғана сомдаған.

Майк Тайсон үш рет отбасын құрған. Алғашқы әйелі актриса Робин Гивенспен 1988 жылы шаңырақ көтеріп, бір жылдан кейін ажырасып кеткен. «Ол мені ұрды. Көзіме шөп салды» деп айыптаған әйелі сотта 10 миллион доллар жеңіп алды. Ал Тайсонның жақтастары Гивенсті жек көріп, кейбір басылымдар «жылдың ең арамза әйелі» деп жазған. Бірақ, Тайсон әйелімен ажырасқаннан кейін де үйіне барып тұрған. Бір күні есік қағып кіріп қалса, іште Бред Пит жүр екен. Шошып кеткен актер, «Бауырым, ұрмаш. Біз тек сценарийді талқылап отырмыз. Ол күні бойы тек сен туралы айтып жатыр», – деп ақталыпты. Одан кейін педиатрға үйленіп, бес жыл бірге тұрған. Ал үшінші әйелі Латиха Спайсермен 2009 жылы шаңырақ көтеріпті. Барлығы сегіз баланың әкесі. Бірақ 2009 жылы қызы Эксодус үйде шашылып жатқан кабельге қылқынып қалып, 4 жасында қайтыс болған.

Майк Тайсон әртүрлі қылмысы үшін бірнеше рет түрмеге түскен. Түрмеде Мұхаммед Әлиден үлгі алып, ислам дінін қабылдады да, есімін Мәлік Абдул Азиз деп өзгертті. 2010 жылы Меккеге қажылыққа барып, мешіттің құрылысына 250 мың доллар садақа берген.

Текст: Sadvakas Maikibayev