Тейлор Рамсделл – Бивол мен Баррера көрермендерге керемет бокс сыйлайды деп ойлаймын

3 марта 2018 г.
Тейлор Рамсделл – Бивол мен Баррера көрермендерге керемет бокс сыйлайды деп ойлаймын

Астана уақытымен ертең таңәлекеуіммен Нью-Йоркттің «Мэдиссон сквер-Гарден» аренасында наурыз айының ең ірі жекпе-жек кештерінің бірі өтеді. Басты жекпе-жекте ресейліктер Сергей Ковалев пен Игорь Михалкин. Ал оның басты андеркардында тағы бір ресейлік Дмитрий Бивол мен кубалық қара маржан Салливан Баррера.

Бұл айқаста Бивол (12-0-0, 10КО) өзінің жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі WBA чемпиондық атағын қорғамақ. Ол бүгінде Бекман Сойлыбаевтың жеке бапкері Тейлор Рамсделлдің қарамағында жаттығып жүр. Ал кезінде тек Андре Уордтан ғана ұтылып, қалған қарсыластарының барлығын тізе бүктірген Салливан Баррера (21-1-0, 14КО) үшін бұл бірінші толыққанды чемпиондық айқас.

– Дмитрий Бивол бұл жекпе-жекке 100 пайыз дайын. Әр қарсыласқа біз өз алдына бар ынтамызбен дайындаламыз. Қарсыластарымыз да шаршы алаңға дайындықсыз шықпайды деп ойлаймын. Сондықтан, екі боксшы да шаршы алаңда көрермендерді қызыққа бөлеуі тиіс, – деді Тейлор Рамсделл. – Біз барша әлемге Биволдың нағыз әлеуетін көрсеткіміз келеді. Әлбетте, бұған дейінгі жекпе-жектерінде де ол өз мықтылығын дәлелдей алды. Бұған чемпиондық белбеуі дәлел. Болашақта оның есімі әр жанкүйердің аузында жүретіндей болады. Дегенмен, Баррера да мықты боксшы. Бивол екеуі көрермендерге керемет бокс сыйлауы тиіс. Өз басым, Бивол шаршы алаңға чемпион ретінде кіріп, чемпион ретінде шығады деп ойлаймын.

Естеріңізге сала кетейік, басты жекпе-жекте Сергей Ковалев (31-2-1, 27КО) өзінің отандасы (21-1-0, 9КО) қарсы айқаста өзінің WBO чемпиондық атағын қорғайтын болады.

Текст: Sadvakas Maikibayev