Танысып қойыңыздар, Берікбай Нұрымбетов!
Diamond Ring промоутерлік компаниясы жаңа боксшымен келісім-шартқа отырады
Diamond Ring – біздің елімізде кәсіпқой бокс индустриясын дамыту үшін құрылған отандық компания. Компанияның мақсаты – талантты жас боксшылармен жұмыс жасап, олардың әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа тастай батып, судай сіңіп кетулеріне жағдай жасау. Ауызекі тілмен айтқанда, Diamond Ring өз жігіттерімізді жетілдіріп, халықаралық аренаға шығарып отырады. Міне, бұл жолы компанияның таңдауы Берікбай Нұрымбетовке түсіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Diamond Ring – Бекман Сойлыбаевтың промоутері. Болашағы зор, жас боксшы кәсіпқой бокс рингінде әлі жеңіліп көрген жоқ (7(3 KO) – 0-0). Бекман қазір Лос-Анжелесте сегізінші жекпе-жегіне дайындалып жатыр.
Diamond Ring компаниясының жаңа жұлдызы Берікбай Нұрымбетов 2009 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында, 64 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған. Бірнеше халықаралық турнирлерде жүлдеге іліккен таланты боксшы.
Берікбайдың тырнақалды жекпе-жегі ертең, 30 қаңтар күні Алматыда ұйымдастырылатын Мырсатаев пен Замиралов арасындағы бокс кешінің андеркартында өтеді. Берікбайдың қарсыласы – кәсіпқой бокс рингінде 33 жекпе-жек өткізген Александр Бенидзе (13 (6 KO) – 18-2). Екеуі жартылай орта салмақ дәрежесінде (66 келіге дейін) төрт раунд жұдырықтасулары керек.
Бокс кешінің ұйымдастырушылары – ТОО BM Global, Diamond Ring және Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы.
Бүгін Royal Tulip қонақ үйінде салмақ өлшеу рәсімі мен баспасөз жиыны өтті. Нұрымбетов те, Бенидзе де жартылай орта салмақ дәрежесінің шектеулерінен асқан жоқ. Берікбай 66,1 келі тартса, оның қарсыласы 66,2 келі болып шықты.
«Жекпе-жекке толықтай дайынмын, – деді Diamond Ring тілшісіне Берікбай Нұрымбетов. – Әуесқой бокс рингінде 15 жылдай өнер көрсетіп, кәсіпқой боксқа ауысуға бел будым. Мұнда жоғары жетістіктерге жете алатынымды сеземін. Кәсіпқой бокс, бұл – қайсарлық пен қажыр-қайрат. Қиыншылықтардан қорықпаймын. Ерінбей тер төгіп, жеңіске жете беруге дайынмын. Фото.