Сұлтан Зауырбектің жекпе-жегін тамашалауға 5 себеп

28 марта 2025 г.
Сұлтан Зауырбектің жекпе-жегін тамашалауға 5 себеп

Ringkz.com порталы 5 сәуірде Астанада өтетін қазақстандық боксшы Сұлтан Зауырбектің жекпе-жегі неге соншалықты маңызды оқиға екенін талдап көрді.

1-ші себеп – сәттілік пен жетістік

28 жастағы Сұлтан Зауырбек (19-0, 13 КО) – Қазақстанның кәсіпқой бокстағы ең табысты спортшыларының бірі. Ол 59 кг дейінгі екінші жартылай жеңіл салмақта өнер көрсетеді және қазіргі таңда WBA рейтингінде – 3-орында, IBF рейтингінде – 5-орында тұр. Осы себепті оның Оңтүстік Африка боксшысы Азинга Фузилеге (18-2, 12 КО) қарсы жекпе-жегі кештің басты оқиғаларының бірі болады.

2-ші себеп – беделді спортшы

Кәсіпқой бокс туралы танымал BoxRec аналитикалық порталы Зауырбекті 5 жұлдыздан 4,5 жұлдызға бағалады. Бұл Қазақстан боксшылары арасында өте жоғары көрсеткіш. Одан жоғары баға тек орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына (16-0, 11 КО) берілген (5 жұлдыз).

3-ші себеп – шетелдік тәжірибе

Зауырбек – халықаралық аренада өз шеберлігін дәлелдеген спортшы. 19 жекпе-жегінің 11-ін Ұлыбританияда, 5-ін Қазақстанда, ал қалғандарын Ирландия, БАӘ және Монакода өткізген. Ол соңғы рет Қазақстанда 2021 жылы, яғни үш жыл бұрын өнер көрсетті. Осыған байланысты, оның 5 сәуірдегі жекпе-жегі жанкүйерлер үшін ерекше қызықты болмақ.

4-ші себеп – мықты қарсылас

Бұл жолы Зауырбекке өте тәжірибелі қарсылас қарсы тұрады – Азинга Фузиле. Ол IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізген және әйгілі Madison Square Garden аренасында жұдырықтасқан. Сондықтан бұл – Зауырбектің мансабындағы ең мықты қарсыластарының бірі. BoxRec сайты 5 сәуірдегі ең жоғары рейтингті осы жекпе-жекке (4 жұлдыз) берген.

5-ші дәлел – чемпиондық белбеулер

Қазіргі таңда Зауырбек WBA Continental титулының иегері. 5 сәуірде ол IBF Intercontinental белбеуін жеңіп алуы мүмкін. Бұл әлем чемпионы атағына бір қадам жақындауға мүмкіндік береді.

Сұлтан Зауырбектің жекпе-жегі – Астанадағы үлкен бокс кешінің ең маңызды оқиғаларының бірі. Бұл тарихи сәтті өткізіп алмаңыз!