​Сұлтан Зауырбек чемпиондық атаққа таласуға қашан мүмкіндік алады?

21 ноября 2024 г.
​Сұлтан Зауырбек чемпиондық атаққа таласуға қашан мүмкіндік алады?

Кәсіпқой бокста жұдырықтасып жүрген қазақстандық боксшылардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Алайда, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-та болсын, бергі беті Еуропада болсын, шаршы алаңға шығып, отандық жанкүйерлерді жеңістерімен қуантып жүрген санаулы ғана боксшы бар. Соның бірі – екінші жеңіл салмақта өнер көрсететін Сұлтан Зауырбек.

«Бақытымды кәсіпқой бокстан табайын»

28 жастағы Сұлтан Зауырбек Шымкент қаласында дүниеге келген. Бала күнінен бокспен айналысады. Бокстан Қазақстанның жасөспірімдер мен жастар құрамасы сапында жүргенде еліміздегі ең талантты жас боксшылардың қатарына кірген еді. Өйткені, ол 2014 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанды. Одан кейін Софияда (Болгария) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлде еншіледі.

Ал 2015 жылы ересектер қатарына ауысып, халықаралық турнирде ел намысын қорғай бастады. Сондай жарыстардың бірінде ол болашақ Олимпиада чемпионы бразилиялық Робсон Консейсаоны жеңіп, барша бокс мамандарының назарын өзіне аударды. Одан кейін, Сұлтан 2017 жылы Қазақстан біріншілігінде топ жарып, ІV Ислам ынтымақтастығы ойындарында қола жүлде еншіледі. Ересектер құрамасы сапынан әлем чемпионатына бара алмағаннан кейін, боксшы әуесқой бокста көп тұрақтамай, келесі жылы кәсіпқой боксқа ауысты. Ол бұл шешімін елімізде әуесқой бокста бәсекелестік жоғары екенін айтып, бақытын кәсіпқой бокстан табуға ниетті екенін жеткізген еді.

Биылғы үшінші жекпе-жек

Кәсіпқой бокста жүрген, чемпиондық атақтан үміті бар боксшыларымыз бір жылда, тіпті одан да көп уақыт бойы шаршы алаңға шықпай жүр. Ал Сұлтан Зауырбек желтоқсан айында биылдыққа үшінші жекпе-жегін өткізеді.

Ирландияның оңтүстігіндегі Уотерфорд қаласында өтетін жекпе-жек 7 желтоқсанға жоспарланған. Екінші жеңіл салмақта (59 кг) жұдырықтасатын Сұлтан Зауырбек (18-0, 13 КО) Польша боксшысы Дамиан Вржесинскиймен (28-3-2, 7 КО) кездеседі.

Жоғарыда айтып өткендей, бұл оның биылға жоспарланған үшінші жекпе-жегі болмақ. Яғни, Сұлтанды қазіргі таңда қазақстандық кәсіпқой боксшылар арасында ең белсенді жұмыс істеп жатқан боксшы деп айтуға болады. Сондай-ақ ол 2023 жылы да 3 мәрте шаршы алаңға шыққан. Жерлесіміздің мұндай белсенділігі, әрине, бізді де, бокс жанкүйерлерін де қуантады.

Деңгейі төмен қарсыластар

Сұлтан Зауырбек жиі-жиі жекпе-жектер өткізіп жүргенімен, қарсыластарының деңгейі аса мәз емес. Мәселен, 1 наурызда Заурбек колумбиялық Виктор Хулиомен (17-11, 9 КО) жұдырықтасып, ұпай саны бойынша жеңіске жетті. Бір өкініштісі, BoxRec рейтингінде колумбиялық боксшы 903-орында тұр. Ал 21 маусымда Аргентина өкілі Роман Рейносоны (22-5-2, 10 КО) техникалық нокаутпен жеңді. Ол рейтинте 374-орынға жайғасқан.

Вржесинский жоғарыдағы екі қарсыласына қарағанда рейтингте жоғары орналасқан. Қазіргі уақытта польшалық боксшы BoxRec рейтингінде екінші жеңіл салмақ дәрежесі бойынша 118-орында тұр. Дегенмен, Дамиан ардагер боксшы жасына жетті. Ол 37 жаста. Вржесинский биыл бір ғана жекпе-жек өткізді, және қарсыласынан басым түсті. 5 қазан күні Польшада өткен бокс кешінде ол аргентиналық Мауро Перуэнмен (16-9-1, 8 КО) кездесіп, 10 раундтық айқаста қарсыласын ұпай саны бойынша жеңді.

Егер Сұлтан Зауырбек деңгейі төмен боксшылармен жұдырықтаса берсе, жақын арада әлем чемпионы атағына таласуы неғайбыл. Оған алдағы уақытта мықты қарсыластармен кездесіп, рейтингтегі орнын тезірек жақсартуға тура келеді. Сонда ғана әлем чемпионы атағына таласуға мүмкіндік алады.

Текст: Admin Admin