Руслан Мәдиев: Жетістікке жету үшін командалық жұмыс керек
Белгілі қазақстандық кәсіпқой боксшы Руслан Мәдиев өзінің алдағы жоспары мен арман-мақсаттарын отандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясымен байланыстырады. Бұл туралы ол Sport Plus Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Үзіліс...
Айта кетейік, Руслан Мәдиев (16-2, 6 КО) қазір - 32 жаста. Қазіргі уақытта кәсіби рингте өнер көрсететін ең тәжірибелі қазақстандық боксшылардың бірі. Көптеген жылдар бойы, яғни 2014 жылдан 2023 жылға дейін Америка құрлығында жаттығып, өнер көрсетті. Жалпы сол жақтағы 18 жекпе-жектің 16-сын АҚШ-та (14), Пуэрто-Рикода (1) және Мексикада (1) бокстасып үлгерді. Ол әлемдегі ең табысты промоутерлік компаниялардың бірі саналатын GoldenBoyPromotions боксшысы болғанын да айта кетейік.
Алайда 2023 жылы Руслан өзінің кәсіби бокстағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеп, көптеген жанкүйерді "нокаутқа" жіберді десе де болады. Осы орайда WBA Asia титулының қазіргі иегері Руслан Мәдиев 1,5 жылдық үзілістен кейін боксқа қалай оралғанын айтып берді.
Мен осыған дейін АҚШ-та өнер көрсетіп, сол жақта жаттықтым. Алайда үлкен жекпе-жектер ұйымдастыру жағы дұрыс болмады. Сөйтіп мен күткендей нәтиже болмағандықтан, спорттағы мансабымды аяқтадым. Бірақ жаттығуды еш тастаған емеспін, Астанада жігіттермен спаррингтер өткізіп, барынша өз формамды ұстап жүрдім. Сөйтіп жүргенде Irfin Promotions хабарласып, жекпе-жек ұсынды. Мен еш ойланбастан бірден келістім, себебі өз күшіме барынша сенімді болдым, - деп түсіндірді боксшы.
Қайта оралу
Қазақстандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясы Мәдиевтің жаттығуын жалғастырып, бұрынғы деңгейде жекпе-жек өткізуге дайын екенін анықтап, қайтып оралуына керемет түрткі болды.
Нәтижесінде 21 қыркүйекте Алматыда Irfin Promotions ұйымдастырған бокс кешінде Руслан үшін WBA Asia чемпиондық белбеуі үшін жартылай орта салмақта (66,7 келіге дейін) титулдық жекпе-жек өткізілді. Қазақстандықтың қарсыласы ресейлік Тигран Согоян (7-1-1, 4 КО) болды. Жалпы 10 раундқа созылған кездесуде Мәдиев төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Есеп - 98:92; 99:92; 100:90.
Мен барлық 10 раундты өткізгенім дұрыс болды деп ойлаймын. Себебі 2 жылға жуық шаршы алаңға шықпай, тұрып қалған едім. Тигранмен жекпе-жекте рингті сезініп, өзімді сынап, қалай қозғалып, дем алатынымды біліп алдым. Тіпті тағы 2 раунд та бокстасуға шама бар еді. Сондықтан келесі кездесу бұдан да жарқын болатынына кепілдік беремін, - дейді боксшы.
Командалық жұмыс
Боксшы қазіргі кезде команданың маңыздылығын сөз етті. Мәдиевтің айтуынша, көп еңбек жаттықтырушыны мен бапкерге байланысты. Сонымен қатар жекпе-жекті ұйымдастырушыларға, оны насихаттап, танымал қылатындарға, сапалы дайындық үшін жағдай жасайтындарға және т.б. көп нәрсе байланысты екенін жеткізді.
Әлем чемпионы болу үшін жақсы боксшы болу керек, бірақ ол үшін қасыңда жақсы команда да болу керек. Боксшының әлеуеті қанша жерден мықты болса да әлем чемпионы атағына командасыз жете алмайды, - деді Руслан.
Жоспар мен мақсат
Руслан сұхбат барысында алдағы жоспарын де бөлісті.
Мен қазір Irfin Promotions промоутерлік компаниясымен байланысым өте жақсы, жалпы екі жақты қарым-қатынас керемет деңгейде. Осы үшін компанияның негізін қалаушы Аманат Қонақбаевқа көп рахмет айтып, алғысымды жеткізгім келеді. Қазір Irfin Promotions жоспар түзіп, болашақ туралы әрекет етіп жатыр, ал менің ісім – жақсы жаттығу және кез келген жекпе-жекке дайын болу. Алдымен WBA Asia титулын қорғаймыз деп ойлаймын, содан кейін көре жатармыз. Мүмкін тіпті АҚШ-та жекпе-жек ұйымдастырылуы мүмкін, - деп қорытындылады боксшы.