​Руслан Мәдиев шаршы алаңға оралады

24 июля 2024 г.
​Руслан Мәдиев шаршы алаңға оралады

Қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Руслан Мәдиев Алматыда өтетін үлкен бокс кешіне қатысуға ниет білдіріп, келісімшартқа қол қойды. Өз кезегінде бұл келісім оның қайтадан кәсіби рингке оралуына түрткі болды. RingKZ порталы бұл туралы төменде егжей-тегжейлі жазады.

Назарда

21 қыркүйек күні Алматыда қазақстандық Irfin promotions промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен екінші бокс кеші өтеді. Компанияның алғашқы ауқымды іс-шарасы 8 маусымда Шымкентте өткен болатын. Онда Қазақстан боксшыларынан бөлек, әлемнің алты елінен, атап айтқанда Филиппин, Ресей, Таиланд, Моңғолия және Өзбекстаннан келген былғары қолғап шеберлері өнер көрсетті. Шымкенттегі бокс кеші тікелей эфирде көрсетілгенін де айта кеткен жөн. Жалпы бокс мамандары аталған бокс кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті.

Irfin Promotions компаниясы Алматыда бокс кешін өткізу арқылы ұйымдастыру деңгейін жаңа биікке көтеруді ниет етіп отыр. Осы бағыттағы қадамның бірі ретінде промоутерлік компания осы аптада еліміздегі танымал кәсіпқой боксшы Руслан Мәдиевпен (15-2, 6 КО) 21 қыркүйектегі бокс кешінде өнер көрсету бойынша келісімшарт жасады. Ерекше атап өтерлігі, ол осы кештің басты айқасында жұдырықтасады.

Неге Руслан?

Осы орайда, оқырмандар тарапынан «Неге Мәдиев?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Себебі, қазіргі таңда ол қазақстандық боксшылар арасындағы үздіктерінің бірі саналады.

Кәсіби бокс әлемінде ең мықты промоутерлік компаниялармен келісімшартқа отырған қазақстандық боксшыларды санау үшін бір қолдың саусағы көптік етеді. Ал Руслан әйгілі Golden Boy Promotions компаниясымен жұмыс істегенін жанкүйерлер жақсы біледі.

Руслан Мәдиев – Қарағанды облысының тумасы. Кәсіпқой бокста бірінші жартылай орта салмақта (63,5 кг) өнер көрсетеді. Қазір таңда ол нағыз кәсіпқой бокс қазанында қайнайтын жаста. Яғни, ол қазір 31-де.

Рингтегі интригалар

Руслан бүгінге дейін кәсіби рингте 17 жекпе-жек өткізіп үлгерді. Оның 16-сын Америка құрлығында өткізген. Руслан карьерасында екі мәрте жеңілгенімен, екі жекпе-жектің нәтижесі өте күмәнді.

Мысалы, 2021 жылдың наурызда ол Пуэрто-Рикода WBONABO (Солтүстік Америка чемпионы) белбеуі үшін жергілікті боксшы Даниэлито Зорилламен жұдырықтасып, қарсыласына жол берген болатын.

Төреші кездесудің 8-раундында жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатып, пуэрториколық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті деп шешім шығарды. Алайда көпшілік бұл шешімді даулы мәселе деп қабылдады. Тіпті, рингтегі төреші жеңісті қазақстандық боксшыға бермеу үшін осындай қадамға барған сияқты түйіледі. Сөйтіп отандасымыз карьерасында екінші рет жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды.

Чемпионның деңгейі

Алайда, бұл мәліметтерді біз Русланды қалайда ақтап алу үшін жазып отырған жоқпыз. Зорилланың да қатардағы боксшы емес екені белгілі. Ол бірнеше жекпе-жектен кейін WBC белбеуі бойынша әлем чемпионы атағына үміткер боксшы атанып, американлық Реджис Прогрейспен (29-2, 24 КО) жұдырықтасты. 12 раундқа жалғасқан айқаста Прогрейс төрешілердің аралас шешімімен жеңіске жетіп, чемпиондық белбеуін өзінде сақтап қалды.

Ал Мәдиев Зорилламен тең дәрежеде жұдырықтасқан еді. Осы кездесуден кейін қазақстандық боксшы АҚШ пен Мексикада 2 жекпе-жек өткізіп, екеуінде де сенімді жеңіске қол жеткізді. Екі жекпе-жектің соңғысы 2023 жылдың наурызында өткен болатын. Енді, міне, араға бір жарым жыл салып, Руслан үлкен рингке қайта оралмақ!

Қызық дерек

Мәдиев өзінің кәсіби бокстағы алғашқы жекпе-жегін Қазақстанда өткізген. Бұл 2013 жылы болатын. Ал кейінгі айқасының барлығын Америка құрлығында өткізді. Яғни, АҚШ-та 14 рет, Пуэрто-Рико мен Мексика бір-бір мәрте шаршы алаңға шықты.

Сөйтіп араға 11 жыл салып қайтадан Қазақстанда жұдырықтаспақ. Бұл айқас Русланға мансабын қайта бастауға және өзінің әлі де мықтылар қатарында екенін дәлелдеуге зор мүмкіндік болмақ.