Поветкин немесе Такам — Хирн Усиктің потенциалды қарсыластарын атады
Ешкімге есе жібермеген украиналық Александр Усиктің (16-0, 12 KOs) супер ауыр салмақтағы дебюті 12 мамыр күні ресейлік Александр Поветкинге (34-2, 24 KOs) немесе франция азаматы Карлос Такамға (36-5-1, 28 KOs) қарсы өтеді.
Усиктің промоутерлерінің бірі – Эдди Хирннің сөзінше, бірінші ауыр салмақтағы 31 жастағы әлемнің абсолютті чемпионы өзінің «корольдік» дивизиондағы алғашқы жекпе-жегін 38 жастағы Такаммен өткізсе, онда 39 жастағы Александр Поветкин осы кештің андеркартында 2012 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, 30 жасар америкалық Майкл Хантерге (16-1, 11 KOs) қарсы жұдырықтасады. Орыстың «сайыпқыраны» осы аралық белдесуден кейін украиналық ауыр салмақтың мықтысымен қолғап түйістіруі мүмкін.
– Біз Поветкин, Такам және басқа да боксшыларды (Усиктің болашақ қарсыластары ретінде ) қарастырып жатырмыз – дейді, Хирн IFL TV-ге берген сұхбатында.— Егер ол (Усик) Поветкинмен жұдырықтаспайтын болса, онда Поветкинде Хантерге қарсы шаршы алаңға шықпайды. Ал осы кездесуден кейін олар (Усик пен Поветкин) бірлескен жекпе-жек өткізеді. Поветкин Усикпен жұдырықтаспас бұрын бір белдесу өткізуді жөн санайды.
Естеріңізге салайық, Поветкин өткен жылдың қыркүйегінде WBA (Super), IBF, WBO және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, британдық Энтони Джошуадан (22-0, 21 KOs) мерзімінен бұрын жеңілген еді. Ал оның қарсыласы болуы мүмкін Хантер 2017 жылдың сәуір айында кәсіби мансабында алғаш рет Усиктен жеңілгеннен кейін төрт сәтті жекпе-жек өткізді. Такам болса, соңғы үш жылда алты кездесу өткізген. Оның 3-еуінде британдық жұлдыз Энтони Джошуаға, супер ауыр салмақтың үздігі, жаңазеландиялық Джозеф Паркерге (25-2, 19 KOs) және өз дивизионының мықтысы Дерек Чисореге (29-9, 21 KOs) есе жіберген.