Пакьяо Бронерді жеңіп, WBA Regular чемпиондық белбеуін қорғады

20 января 2019 г.
Пакьяо Бронерді жеңіп, WBA Regular чемпиондық белбеуін қорғады

Қаңтардың 19-ы күні Америка Құрама Штаттарында 2019 жылдың алғашқы мегафайты өтті. Айтулы кеште аты аңызға айналған филиппіндік Мэнни Пакьяо мен америкалық Энриен Бронер шаршы алаңда өнер көрсетіп, филиппиндік былғары қолғап шебері WBA тұжырымы бойынша жартылай орта салмақта өзінің «тұрақты» чемпиондық атағын қорғап қалды.

Лас-Вегастағы MGM Grand  аренасында өткен шайқас жоспарланған 12 раундқа созылды. Бұл жолы «Пакманның» аргентиналық Лукас Матиссеге қарсы өткізген жекпе-жегіндегідей нокаут болған жоқ. Дегенмен, 40 жасар филиппиндік барлық қашықтықта алғашқы нөмірде жұдырықтасты. Ал оның 29 жастағы қарсыласы рингте төрт дивизион бойынша экс-чемпионға сай өнер көрсете алмады. Төрешілердің 117-111 және 116-112 деген бағасы екі рет филлипиндік жұлдыз пайдасына берілсе де, бұл  Бронер үшін үлкен сый болды. Іс жүзінде, АҚШ-тың өкілі шайқастың төртен бірін ғана жеңді.

СompuBox ұсынған статистикаға сәйкес, чемпион 568 соққы жасап, 112-сін дәл тигізген. Шабуылдың жалпы санынан 197-сі қуатты болса, 82-сі дөп тиілген (49%). Ал 371 панчтың ішіндегі 30 джеб сәтті шыққан (8%). Бронер өз кезегінде қарсыласына 295 соққы жұмсаған. Оның 50-і дәл тиген (17%). 180 қуатты соққысының 39-ы нақты болған (22%). Оған қоса, 115 джеб жасап, 11-ін бағыттаған жеріне жеткізген (10%).

Пакьяоның мансаптық жолындағы 70-і жекпе-жегі оған шаршы алаңдағы  61-ші жеңісті сыйлады. Ол сатылған билеттер мен PPV көрсетілімінен бөлек, 10 миллион АҚШ долларын тапты. Бронер болса, соңғы жеті кездесуіндегі үшінші жеңілісінің кермек дәмін татты (мансаптық жолындағы 38 жекпе-жектегі төртінші жеңілісі). Америкалық боксшы банктағы есепшотын 2,5 миллион доллармен толықтырды.

Пакьяо осы жеңістен кейін кіші Флойд Мейвезермен реванш-матчта қолғап түйістіргісі келеді. Алайда, Мейвезер өзінің мансаптық жолын аяқтап, рингке қайта оралмайтынын жеткізген. Егер америкалық шағылмаған «жаңғақпен» рематч болмаса, «Пакман» Эррол Спенс пен кіші Майки Гарсия арасындағы мегафайт жеңімпазымен жұдырықтасуы әбден мүмкін.