Пакьяоның келесі қарсыласы Ломаченко болуы мүмкін бе?

16 июля 2018 г.
Пакьяоның келесі қарсыласы Ломаченко болуы мүмкін бе?

Малайзия астанасында өткен кәсіпқой бокс кешінде әйгілі Мэнни Пакьяо өзінің 69-шы жекпе-жегін өткізіп, аргентиналық Лукас Матиссенің құлатты да, жартылай орта салмақ дәрежесіндегі WBА чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Бір қызығы, «ПакМэн» сонау 2009 жылдан бері нокаутпен жеңіске жетіп көрмеген еді.

Сегіз салмақ дәрежесінде чемпион атанған Мэнни Пакьяо тізгінді бірден өз қолына алып, әртүрлі комбинациялық шабуылдарымен қарсыласына тыным берген жоқ. Әлде, аргентиналық дайын болып шықпады ма, әлде, Пакьяо расымен де бұл кездесуге бар жұмысын тастап қойып, тыңғылықты дайындалды ма, әйтеуір үшінші раундта Матиссені апперкотпен бір есеңгіретіп алды. Дәл сондай апперкоттан Лукас бесінші раундта тағы да жамбасқа отырды. Ал жетінші раундта Мэнни джебтің соңынан апперкот жұмсап, жекпе-жекті сол жерде-ақ аяқтап тастады.

Осылайша бір жылдан кейін үлкен боксқа қайта оралған «ПакМэн» өзінің кәсіпқой бокстағы 60-шы жеңісіне қол жеткізді. Ал қарсыласын нокаутпен сонау 2009 жылдан бері ұта алмай келген екен. Соңғы рет осыдан тоғыз жыл бұрын Мигель Коттоны 12-ші раундта нокаутпен жеңген. Содан бері 13 айқас өткізді. Арасында жеңілістері де бар. Бірақ, нокаут бұйырмай келген еді.

– Мен аңыз адамнан жеңілдім. Пакьяо – ұлы боксшы, ұлы чемпион. Сондықтан, одан жеңілу ұят емес. Бұл мен үшін жақсы сабақ, пайдалы жекпе-жек болды, – деді айқастан кейін ағынан жарылған аргентиналық боксшы.

Өз кезегінде Мэнни Пакьяо жартылай орта салмақтағы чемпиондық атақты төртінші рет жеңіп алып, рекорд орнатты. Бұған дейін бұл салмақта үш реттен Джек Бриттон мен Эмиль Гриффит чемпиондықты ұтып алған еді.

Дегенмен, Пакьяо әлі алдағы уақытқа жоспарымен бөліскен жоқ. Ал сарапшылар филиппиндік боксшының келесі қарсыласы украиналық Василий Ломаченко болуы мүмкін екендігін жасырмайды. Алайда, Ломаченко жартылай орта салмақ дәрежесіне көтеріле қояр ма екен, әлде “ПакМэн” салмақ қуа ма?

Текст: Sadvakas Maikibayev