​Олимпиада-2024: Өзбекстанның бес боксшысы чемпион атанды

11 августа 2024 г.
​Олимпиада-2024: Өзбекстанның бес боксшысы чемпион атанды

Франция астанасы Париждегі жазғы Олимпия ойындарында бокстан Өзбекстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ала тақиялы ағайынның Олимпиадаға барған жеті боксшысының бесеуі жеңіс тұғырынан көрініп, Ойындар тарихында бұрын-соңды болмаған биікті бағындырды. Яғни, төрт жылдықтың басты ойыны тарихында еш бір мемлекеттің бес бірдей боксшысы алтын жүлде олжаламаған.

Жалпы Париждегі дүбірлі доданың бокс бәсекесіне екі-ақ мемлекет толық құрамда барды. Бірі Қазақстан құрамасы болса, екіншісі – Өзбекстан боксшылары. Өкінішке қарай, жеті боксшымыздың біреуі ғана финалға шығып, күміспен шектелді. 80 кг салмақта бақ сынаған Нұрбек Оралбай алтын үшін айқаста Украина боксшысы Александр Хижняктан жеңіліп қалған еді.

Ал Өзбекстаннан барған жеті боксшының бесеуі финалға шығып, барлығы да Олимпиадада атой салды. Атап айтар болсақ, 51 кг салмақтағы Хасанбой Дусматов пен аса ауыр салмақтағы Баходир Джалолов екі дүркін Олимпиада чемпионы атанса, Абдумалик Халоков (57 кг), Асадхужа Муйдинхужаев (71 кг) және Лазизбек Муллажонов (92 кг) өз карьерасында бірінші рет алтын жүлдені иеленді.

Өзбек боксшыларының финалдағы жекпе-жектеріне тоқталар болсақ, 2018 жылғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада және әлем чемпионы Абдумалик Халоков финалда қырғызстандық боксшы Мунарбек Сейитбек Уулуын жеңіп, ересектер арасында да дәл сондай жетістігін қайталады. Яғни, әлем және Олимпиада чемпионы атанды. 2000 жылы Бұхарада туған Халоковтың жасы небәрі 24-те. Бұл салмақта бақ сынаған қазақстандық боксшы Сабырхан Махмұд 1/8 финалда жеңіліп қалған еді.

Ал 2023 жылы Қытайда өткен жазғы Азия ойындарының жартылай финалында отандасымыз Асланбек Шымбергеновтен техникалық нокаутпен жеңілген Асадхужа Муйдинхужаев 71 кг салмақтың мықтысы атанды. Ол финалда 2023 жылғы Пан Америка ойындарының жеңімпазы мексикалық Марко Вердеден 5:0 есебімен басым түсті. Асланбек бірінші айналымда жеңіліп қалған болатын.

Өзбекстан құрамасына Париж Олимпиадасындағы төртінші алтынды әперген Лазизбек Муллажонов финалда 81 кг салмақта Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған әзербайжандық Лорен Альфонсо Домингесті айқын басымдықпен жеңді. Бір айта кетерлігі, жарыс жолында еліміздің мақтанышы Айбек Оралбай, Олимпиаданың екі дүркін, әлемнің бес дүркін чемпионы кубалық Хулио Сесар ла Крусты жеңген Лорен алтын үшін өткен бәсекеде өзбек боксшысына еш қарсылық көрсете алмады.

Ал аса ауыр салмақтағы әлем және Олимпиада чемпионы Баходир Джалоловтың Парижде де алтын алатынына ешкімнің күмәні болған жоқ еді. Барлық бәсекесін айқын басымдықпен аяқтаған өзбектің алыбы финалда биылғы Еуропа чемпион испаниялық Айюб Гадфа Дриссиді бет қаратпай жеңіп, екі дүркін Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізді. Тіпті, финалда Баходир испаниялық қарсыласын екі рет нокдаунға жібергенін айта кеткен жөн.

Финалдық жекпе-жектен кейін Баходир Джалолов әуесқой бокстағы карьерасын аяқтағанын мәлімдеп, ендігі бар мақсатын кәсіпқой бокстың биігін бағындыру екенін айтты. Ал бұл салмақта жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев бірінші айналымнан әріге аса алған жоқ.

Осылайша, Өзбекстан құрамасы Париж Олимпиадасында 5 алтын медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Шынын айтқанда, қазіргі таңда өзбек боксы барлық елден алға озып тұр.