Олимпиада-2024: Назым Қызайбай – қола жүлдегер
Франция астанасы – Парижде өтіп жатқан Олимпия ойындарында қазақстандық боксшы Назым Қызайбай (50 кг) қола жүлдегер атанды. Төрт жылдықтың басты додасының жартылай финалында қытайлық былғары қолғап шебері Ву Юмен жұдырықтасқан отандасымыз төрешілер шешімі бойынша қарсыласына жол беріп, финалдық айқасқа шыға алмады.
Бұл – Париждегі қыздар боксынан ел қоржынына түскен бірінші және жалғыз медаль. Францияға қыздар құрамасынан үш боксшы аттанған. Назымнан бөлек, 57 кг салмақта әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Азия чемпионы және Азия ойындарының қола жүлдегері Карина Ибрагимова және әлем чемпионы, әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері Валентина Хальзова (75 кг) ел намысын қорғаған болатын. Алайда Карина мен Валентина алғашқы айналымнан аса алмады.
Париж Олимпиадасында Назымның жүріп өткен жолына тоқталар болсақ, отандасымыз алғашқы айналымда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері италиялық Джиордана Соррентиномен қолғап түйістіріп, қарсыласын еш қиналмай тізе бүктірді. Бес төрешінің төртеуі Назымның жеңісіне сенімді болса, бір төреші Джиордана басым болды деп таныды. Қорытынды есеп – 4:1.
Араға үш күн салып Назым рингке қайта оралды. Ширек финалға жолдама берілер айқаста ол былтырғы Панамерика ойындарының жеңімпазы бразилиялық Каролайн Барбоза де Алмейдамен қолғап түйістірді. Бұл жекпе-жекте де отандасымыз айқын басымдық танытып, Бразилия мықтысын 5:0 есебімен қапы қалдырды. Қызайбай – ширек финалда.
Екі күннен кейін жерлесіміз ширек финалда колумбиялық Ингрит Лорена Валенсия Викториямен кездесті. Бұл кезеңде Назым азулы қарсыласпен жұдырықтасты. Колумбиялық боксшы бұған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында қола жүлде алған. Жалпы өз карьерасында үшінші Олимпиадасына қатысып жатқан әккі боксшы болатын. Дегенмен, қазақтың қайсар қызы бұл қарсыласына да еш мүмкіндік берген жоқ. Аса тартысты өткен кездесуде Назым жоғары деңгейде жұдырықтасып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, ол бокстан Қазақстан құрамасының қоржынына кем деген де қола жүлдені салды.
Отандасымыздың жартылай финалдық айқасын бүкіл ел күтіп, боксшымыздың финалға өтуін тіледі. Назымның өзі де жекпе-жектен кейін қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болғысы келгенін де жасырмады. Дегенмен, қытайлық боксшы да қаражаяу емес еді. Ол былтыр Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында топ жарып, әлем чемпионы атанған.
Отандасымыз қарсыласының атақ-даңқына қарамай айқасып, финалға шығу үшін барын салды. Бірақ қытайлық боксшыға шамасы жетпеді. Төрешілер есебі – 1:4. Осылайша, Назым Қызайбай Олимпиадада араға сегіз жыл салып қыздар боксынан ел қоржынына жүлде салды. Ең кейінгі рет қыздардан 2016 жылы Рио Олимпиадасында Дариға Шәкімова қола жүлде жеңіп алған еді.
Жекпе-жектен кейін Назым Қызайбай пікір білдіріп, әйелдер боксынан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атану арманы болғанын жеткізді.
«Парижге чемпион атану үшін келген едім. Әрі қыздар арасында тұңғыш Олимпиада жеңімпазы болуды қатты қаладым. Дзюдошы қыздармен Парижде жолыққанда да соны бір бірімізге тіледік. Қазір өзіме аса көңілім толып тұрған жоқ. Өйткені алтын алғым келді және жеңуге болатын қарсылас еді. Алайда қытай қызы жекпе жек барысында алдап кетті. Оған қоса менде «қолаға жеттің, енді алтын алу керек» деген жүктеме тұрғандай болды. Сол кедергі келтіргендей. Жеңсем де, жеңілсем де қасымнан табылатын отбасыма, достарыма рахмет айтамын! Жеңісімді маған қолдау көрсеткен көпшілікке арнаймын!», - деді Назым ҰОК баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Бұл – 30 жастағы Назым Қызайбайдың алғашқы Олимпиадасы. 2014 және 2016 жылдары әлем чемпионы атанған боксшыға Рио және Токио Олимпиадасына жолдама алу мүмкіндігі берілгенімен, ол екі ретінде де пайдалана алмады. 2016 жылы Рио Олимпиадасына Жайна Шекербекова қатысып, екінші айналымда жеңіліп қалған. Ал Токио Олимпиадасының іріктеуіне Ангелина Лукас барып, жолдама ала алмаған. Сөйтіп Токиода бұл салмақта ешкім жұдырықтасқан жоқ.
Биылғы Париж Олимпиадасына бару мүмкіндігі Назымға оңайға соққан жоқ. Ол 2023 жылы Қытайда өткен Азия ойындарына қатысып, ширек финалда жеңіліп қалды. Ал жолдама тек финалға шыққан боксшыларға берілді. Наурыз айында Италияда өткен іріктеу жарысына бапкерлер құрамы Алуа Балқыбекованы жіберді. Алайда Алуа да Олимпиада жолдамасын еншілей алмады.
Сөйтіп Таиландтағы соңғы іріктеуге кім баратынын федерация басшылығы ел ішілік турнир ұйымдастыру арқылы таңдады. Соңғы айқаста Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова кездесіп, Назымның бағы жанды. Қызайбай Таиландта Олимпиада жолдамасына қол жеткізіп, Парижде қола жүлде алды.
Бұл – Қазақстанның әйелдер құрамасының Олимпиадада алған үшінші қоласы. 2012 жылы Лондонда Марина Вольнова (75 кг) үшінші орын алса, жоғарыда айтып өткеніміздей Риода Дариға Шәкімова (75 кг) қола медаль иеленген еді.
Фото: Сали Сабиров