​Олимп шыңынан кәсіпқой рингке дейін: Стивенсон-Арутюнян жекпе-жегінен не күтеміз?

5 июля 2024 г.
​Олимп шыңынан кәсіпқой рингке дейін: Стивенсон-Арутюнян жекпе-жегінен не күтеміз?

7 шілдеге қараған түні Ньюарк қаласында (АҚШ) жеңіл салмақта (61,2 келігі дейін) WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, америкалық Шакур Стивенсон германиялық Артём Арутюнянмен жұдырықтасады. Ring.kz порталы кезінде Олимпиада төрінде жасындай жарқылдап, қазір кәсіби рингте биік белеске жеткен қос жұлдыздың жекпе-жегі туралы материал ұсынады.

Шакур Стивенсон

Шакур - АҚШ әуесқой боксының супержұлдызы. Ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының жеңімпазы. Ал 19 жасында 2016 жылғы Олимпиада ойындарына қатысып, тек финалда Робейси Рамирестен жеңіліп қалған еді.

Кәсіпқой боксқа 2017 жылы келді. Айтуынша, әйгілі Флойд Мейвезермен (Mayweather Promotions) бірге жұмыс істеуді армандаса да, кейін Боб Аруммен (Top Rank) келісімшартқа отырды.

Шакур 2019 жылы алғаш рет әлем чемпионы атанады. Жеңіл салмақта бос болған WBO белбеуі үшін Джоэт Гонсалеспен жекпе-жек өткізген еді. содан кейін мансабын жоғары дивизионда жалғастыруға шешім қабылдап, 2021 жылы Джамел Херрингтен WBO белбеуін жеңіп алады.

Ең атаулы әрі ірі жеңісіне Оскар Вальдесті тізе бүктіріп, белбеулерді біріктірген кезде жетеді. Сондай-ақ ол Олимпиада чемпионы Робсон Консейсаудан да басым түскен болатын.

Ал 2023 жылдан бастап Стивенсон жеңіл салмақта өнер көрсетеді. Жаңа дивизиондағы екінші кездесуінде-ақ ол WBC белбеуін жеңіп алды. Өте қызықсыз жекпе-жекте Эдвин Де Лос Сантосты жеңген еді.

Шакур Стивенсонның статистикасы:

Мемлекеті: АҚШ

Жасы: 27 жаста

Бойы: 173 см

Қолын созғандағы аралық: 173 см

Жұдырықтасатын негізгі қолы: солақай

Кәсіпқой бокстағы рекорды: 21 жеңіс (10 нокаут) / 0 жеңіліс

Рейтингтегі орны (жеңіл салмақта): WBC чемпионы.

Артём Арутюнян

Ереванның тумасы Артем Арутюнян бала кезінен отбасымен бірге Германияға көшіп кеткен. Сол жерде жүріп топ-боксшыға айналды. Бір қызығы, ол жас кезінде каратэмен де айналысқан, тіпті жасөспірімдер арасындағы Еуропа біріншілігінің жүлдегері болған.

Ал бокспен 17 жасынан айналысып, әуесқой рингте айтарлықтай жетістіктерге жетіп үлгерді. Оның әуесқойлық мансабының шыңы Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының 64 келіге дейінгі салмақтағы қола жүлдесі болды. Бір қызығы, Олимпиадада 64 келіде, ал Шакур 56 келіде өнер көрсетті.

Кәсіпқой боксқа 2017 жылы келді. Ол WBC International белбеуін жеңіп алғаннан кейін негізгі титул үшін бәсекеге түсу мүмкіндігін алады. Алайда АҚШ-та Фрэнк Мартинге өте күмәнді, дау-дамайға толы жекпе-жекте есе жібереді.

Артём Арутюнянның статистикасы:

Мемлекеті: Армения/Германия

Жасы: 33 жыл

Бойы: 172 см

Жұдырықтасатын негізгі қолы: оңқай

Кәсіпқой бокстағы рекорды: 12 жеңіс (7 нокаут)/1 жеңіліс (ұпай бойынша)

Рейтингтегі орны (жеңіл салмақта): WBC - №7.

Супер жекпе-жек күтуге бола ма?

Стивенсон қазір әлемдегі ең жақсы қорғанатын боксшының бірі. Бірақ осындай сақ боксы үшін ол жанкүйерлер тарапынан бірнеше рет сынға да ұшырады. Сондықтан кейде Шакур шайқастың агрессивті/шабуылдық нұсқасын да көрсетеді. Бұл жерде барлығы қарсыластың шеберлігіне байланысты. Екі күннен кейін болатын текетірестен де шабуылдаушы-чемпионды көруіміз екіталай.

Стивенсонның джебі жақсы және аяқтары жылдам. Ол қорғаныс үшін денесін сауатты пайдаланып, шешімді өте тез қабылдайды. Шакур қарсыласын жақсы қарсы алып, қыспаққа жиі алады.

Оның бокстағы IQ көрсеткіші өте жоғары, оған шүбә келтіруге мүлдем болмас. Шакур өте жылдам, рефлекстері дамыған және шаршы алаң мен қашықтықты тамаша сезінеді.

Арутюнян көбіне шабуылдап бокстасады. Ол шабуыл бұрыштарын шебер жасап, оң жақтан хук жасағанды ұнатады және қарсыластың денесін нысанаға алады. Бұдан бөлек Артемның кросстары мен апперкоттары да жақсы.

Үміткер Артемда керемет әуесқой мектептің болғаны сезіледі, бірақ Стивенсонның пайдасына басымдық беретін бірнеше жағдай бар. Біріншіден, Арутюнян әлі де тым болжамды әрі робот сияқты бокстасады. Екіншіден, ол соққыларын жайып жасайды, ал бұл контрсоққы жасауға ыңғайлы.

Тағы бір ықтимал проблема - психологиялық. Стивенсон «лас бокстан» ешқашан тартынбайды. Ол алдыңғы қолымен қарсыластың көзін жауып, кедергі келтіреді. Сондай-ақ белден төмен соққы жасап, қол байлаудан тайынбайды. Осыған дейінгі жекпе-жектерге қарағанда, Арутюнян мұндай сәттерде жиі ашуланып, аздап өзін ұстай алмай кетеді.

Екінші жағынан, ол позициялық бокстан ештеңе өндіре алмайды. Сондықтан агрессия, соққылар мен комбинациялар қажет. Қарсыластың алдында тұрып қалмау керек, күш пен тоннажды барынша қосу керек. Бокс керек емес, төбелес керек. Артемнің корпусқа жасайтын соққылары дәл осы кезде қажет. Егер соққыларын дарыта алса, онда мүмкіндік пайда болады.

Стивенсон, шынымен де, жекпе-жектің айқын фавориті, бірақ Арутюнянда да үмітсіз емес. Жекпе-жектің ең ықтимал нәтижесі чемпион ұпай бойынша анықталады.

Стивенсон-Арутюнян бокс кешінің толық карды:

Шакур Стивенсон (21-0, 10 KO) – Артем Арутюнян (12-1, 7 KO)

О'Шаки Фостер (22-2, 12 KO) – Робсон Консейсау (18-2-1, 9 KO)

Кишон Дэвис (10-0, 7 KO) – Мигель Мадуено (31-2, 28 KO)

Уильям Фостер (17-1, 11 КО) – Эридсон Гарсия (18-1, 12 КО)

Келвин Дэвис (12-0, 7 КО) – Кевин Джонсон (12-3, 8 КО)

Абдулла Мейсон (13-0, 11 KO) – Луис Леброн (20-5-1, 13 KO)

Али Фелиз (2-0, 2 КО) – Робинсон Перез (2-0, 0 КО)

Кит Колон (дебют) – Хантер Тербифил (4-1, 1 КО)