Қол қойылды – 2017 жылы WBC Конвенциясы Астанада өтеді
Сүйінші, Бүкіләлемдік бокс кеңесі 2017 жылы WBC Конвенциясын Астанада өткізуді қолдап, Меморандумға қол қойылды.
Бүгін Астанадағы «ЭКСПО» орталық кеңсесінде бас тарапты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Олар – WBC, «Астана ЭКСПО 2017» ұлттық компаниясы, Астана әкімдігі, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы және Diamond Ring Promotions.
Қол қою салтанатына «Астана ЭКСПО 2017» басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ә.Х.Пірметов, Астана әкімінің орынбасары Е.Ә.Аманшаев, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Е.Қ.Бекқожин, WBC президентінің жеке кеңесшісі О.Семенишина және Diamond Ring Promotions директоры Л.Е.Аймағамбетов қатысты.
– Бүкіләлемдік бокс кеңесі өкілдерінің еліміздің бас қаласына келгендеріне қуаныштымыз, – деді қол қою рәсімінің хаттамалық бөлігін ашқан Пірметов мырза. – Біз WBC тұжырымының чемпиондық атақтарын жеңіп алған жерлестерімізді, яғни «ЭКСПО» демеуші болып, қолдап жүрген ұлттық батырымыз Геннадий Головкин мен үр жаңа чемпионымыз Бекман Сойлыбаевты мақтан тұтамыз. Алдағы уақытта кәсіпқой боксты өз елімізде де дамытуға мүдделі болғандықтан, WBC Конвенциясы сияқты ауқымды шараны ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрі оның «Астана ЭКСПО 2017» Бүкіләлемдік көрмесі өтетін жылы, яғни Қазақстанға айрықша назар аударылғанда ұйымдастырылатын қуанышты. Әрине, осы Конвенцияның арқасында енді дүниежүзілік спорт сүйер қауымның да назары біздің елге ауады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы және Diamond Ring Promotions бірлесе отырып, 2017 жылы Астанада 55-ші WBC Конвенциясын ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кеткен. Меморандумға қол қойған тараптардың бәрі де қызығушылық танытқан маңызды шара тек қана бас қаламыз үшін емес, жалпы еліміз үшін де елеулі оқиға болады. Бүкіләлемдік көрме өтетін күндері WBC Конвенциясы аясында елордамызға әйгілі кәсіпқой спортшылар келеді.
WBC Конвенциясы – өз салмақтарындағы ең үздік және әйгілі боксшыларды, төрткіл дүниеге танымал қайраткерлерді, менеджерлерді және промоутерлерді, тәжірибелі төрешілер мен супервайзерлерді, сондай-ақ медицина саласы мен еріктілер (волонтерлер) ұйымы спикерлерін жинайтын маңызды шара.
Меморандумға қол қойылатын уақыт қарсаңында Астанаға танысу мақсатымен WBC Басқарушылар кеңесі мүшесі Чак Уильямс келген.
Жиырма жылдан астам уақыт бойы WBC Конвенциясының тұрақты төрағасы болып келе жатқан Чак Уильямс Қазақстандағы ұйымдастырушылар комитетімен танысты, сондай-ақ осындай ауқымды шара өтуі тиіс нысандарды аралап көрді. Осы ретте айта кетейік, жыл сайын Конвенцияға қатысушылар саны 500-ден 700-ге дейін жетіп жығылады.
Ынтымақтастық туралы келісімге қол қою кезінде Уильямс мырза көңілді екендігін жасырмады:
– Сіздердің тамаша қалаларыңызға келгеніме қуаныштымын. Астананың WBC Конвенциясын өткізуге барлық мүмкіндіктері жетеді деп ойлаймын. Конвенцияға Майк Тайсон, Эвандер Холифилд, Виталий Кличко, Флойд Мэйвезер және т.б. сияқты әлемнің ең үздік чемпиондары келеді. Сонымен қатар, Конвенцияны өткізетін ел бізге өздері көргісі келетін дүниежүзілік бокс жұлдыздарының тізімін ұсына алады. Ал біз, яғни WBC, өз тарапымыздан әлгі тізімдегі спортшылардың бәрінің келуін ұйымдастыруға тырысамыз.
Оксана Семинишинаның мәлімдеуінше, Бүкіләлемдік бокс кеңесінің басшысы Маурисио Сулейман Конвенцияны Астанада өткізу ұсынысын ілтипатпен қабыл алған. WBC үшін бұл кәсіпқой бокстың ауқымы мен шегін кеңейтіп, қанатын біздің елге де жаюына берілген тамаша мүмкіндік екендігіне де назар аударған. Фото.