Нұрзат Сабыров 14 рет нокаутпен жеңіске жеткен боксшыны тәлтіректетті

22 февраля 2020 г.
Нұрзат Сабыров 14 рет нокаутпен жеңіске жеткен боксшыны тәлтіректетті

Бүгін таңертең Канаданың Римуски қаласында бокс кеші өтіп, онда 26 жастағы жерлесіміз Нұрзат Сабыров (11-0, 9 KO) кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ол бұл жолы 30 жастағы Мексиканың Рикардо Адриан Луна Флорес (22-8-1, 14 КО) деген тіс қаққан сақа боксшысымен жұдырық түйістірген болатын.

Бірден айтайық, қарсыласы мейілінше тәжірибелі жігіт еді. Оның лақап аты тіпті «Тайсон» екен. Өздеріңіз ресми деректерінен байқап отырғандай, ол кәсіпқой бокс рингінде 22 рет жеңіске жетіп, соның 14-інде нокаутпен үстем түскен. Бүгінге дейін жеті рет ұтылып, бір жекпе-жекте тең түскен екен.

Енді бір айрықша атап өтерлігі, Рикардо Адриан Луна Флорес – Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының боксшысы. Ал бұл ұйымның жарық жұлдызы Мексика майталманы, Сауль «Канело» Альварес (53-1-2, 36 КО) екенін айтпасақ та, білетін боларсыздар...

Квебек аймағында өткен сегіз раундтық жекпе-жекте Нұрзат Мексика боксшысынан күмәнсіз басым түсті. Әсіресе бетпе-бет тұрып алып жұдырықтасқанда, пәрменді соққыларын дәл тигізіп сүйсіндірді. Тәжірибелі қарсыласын шегіншектетіп, кейде тіпті тоқ соққандай селт еткізіп отырды.

Сонымен, жартылай ауыр салмақтағы сегіз раундқа созылған жекпе-жектің қорытындысында қазылар жеңісті бірауыздан Нұрзатқа берді. Рингтегі төреші Қазақ елі боксшысының қолын көтергенде, Рикардо Флорестің өзі қолын шапалақтап, жеңілгендігін мойындады. Жеңіс құтты болсын, жерлестер!