​Нұрдос Төлебай: Чемпиондық белбеулер үшін жұдырықтасатын уақыт келді

29 января 2025 г.
​Нұрдос Төлебай: Чемпиондық белбеулер үшін жұдырықтасатын уақыт келді

Алдағы сенбі күні Таиланд астанасы – Бангкокта отандық боксшылардың қатысуымен үлкен кәсіпқой бокс кеші өтеді. Азия аймағындағы ірі бокс кешін таиландтық TL Boxing Promotion және қазақстандық Irfin Promotions промоутерлік компаниялары бірлесе ұйымдастырып жатыр.

Таиландтағы тартысқа толы бәсекеде Irfin Promotions-пен жұмыс істейтін еліміздің төрт боксшысы өнер көрсетеді деп жоспарланған. Соның бірі – Нұрдос Төлебай. Болашағынан көп үміт күттіретін Нұрдос соңғы жекпе-жегін былтыр қыркүйек айында Алматыда өткен бокс кешінде өткізіп, қатарынан 13-ші жеңісіне қол жеткізген еді.

Бангкоктағы бокс кеші алдында Нұрдоспен аз-кем тілдесіп, дайындығы туралы сұраған едік.

– Бокс кешіне өте тыңғылықты дайындық жүргіздік. Бәрі жоспар бойынша өтіп, спорттық бабымызға еніп келеміз. Енді ертең Таиландқа аттанып, жергілікті климатқа және уақыт белдеуіне бой үйретуіміз қажет (сұхбат кеше алынған болатын – ред.). Жалпы, бұл жолғы дайындығым өте керемет өтті деп айтсам болады. Себебі біз бұл айқасқа қазан айының соңынан бастап дайындыққа кірісіп кеткен едік. Жалпы жекпе-жекке, айқасқа сақадай саймын. Бокс кешінде керемет бокс көрсетуге тырысамыз.

– Бұл шетелде өткізетін алғашқы жекпе-жегің, дұрыс па? Қобалжу, толқыныс сезімдері бар ма?

– Иә, кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегімді шетелде өткіземін. Қандай да бір ерекше қорқыныш немесе қобалжу сезімі жоқ. Бұл тек кезекті бір айқас. Шаршы алаңда бәрі бірдей, тек қарсыласым ғана өзгеше. Сондықтан алаңдайтын, қобалжитын ештеңе жоқ деп ойлаймын.

Сырт елде өтетін жекпе-жек алдында бапкерің мен жанашырларың қандай ақыл-кеңесін айтып жатыр?

– Тек бұл жекпе-жектің алдында ғана емес, жақындарым, жанашырларым әрдайым өз қолдауларын білдіріп, ақыл-кеңестерін айтып отырады. Бапкерім де басқа нәрселерге алаңдамай, ештеңені ойламай, тек жаттығуыңды ойла деп айтып отырады. Өзімді психологиялық тұрғыда дайындап, жанкүйерлерге тартысты жекпе-жек ұсынамын деген ойдамын.

– Ирандық қарсыласың Амирхоссейн Арзи (2-0, 2 КО) туралы не айта аласың? Оның қандай күшті және әлсіз тұстарын байқап үлгердің?

– Қарсыласымды бүге-шүгесіне дейін зерттедік деп айта алмаймын. Өйткені оның көп жекпе-жектері әлеуметтік желілерде жоқ екен. Бірақ оның желіге салынған екі жекпе-жегінде қарсыластарын мерзімінен бұрын сұлатып салғанын байқадық. Сондықтан жұдырықтасу стилі, бокстасу мәнері, рингтегі қимылы туралы толыққанды ақпарат ала алмадық. Десе де онда тұрған ештеңе жоқ. Амирхоссейн Арзидің әуселесін 1 ақпанда бағамдап көреміз. Қай раундқа дейін шамасы жететінін, себебі ол көп раунд жұмыс істеп көрмеген. Жалпы алдағы айқасқа өзіміздің жоспарымыз, дайындығымыз бар. Соған сай жұмыс істейміз. Жекпе-жек барысында жоспарларымызды 100 пайыз жүзеге асыра алсам, жеңіске жететініме сенімдімін.

– Бұл сенің карьераңдағы 14-ші жекпе-жегің болмақ. Белдікке шығатын уақыт келген сияқты. Биыл белбеу үшін айқас өткізу мүмкіндігі бар ма?

– Әрине, кәсіпқой бокстағы ірі белбеулер үшін жұдырықтасатын уақыт келді. Бірақ алдымен қазіргі жекпе-жекте жеңіске жету керек. Содан кейін біз үшін жабық тұрған бірнеше есік ашылып қалар. Қазіргі уақытта жиі кездесулер өткізіп, рейтингте орнымызды жақсартып алу қажет. Одан кейін мұхит асып, АҚШ-та атой салу ниетіміз бар.

Текст: Admin Admin