Nomad Promotions жасаған тосынсый: Махмұд Сабырхан кәсіпқой рингте дебют жасайды

Ringkz.com порталы әуесқойлар арасында әлем чемпионы Махмұд Сабырханның кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегінің қарсыласы мен раундтар саны туралы ақпарат алды.
Орталық Азия мен Әлем текетіресі
5 сәуірде Астанада Қазақстандағы ең ауқымды және жұлдызды бокс кеші өтеді. Оны отандық Nomad Promotions промоутерлік компаниясы ұйымдастырады.
Бұл кеште Қазақстан және Өзбекстан боксшылары әлемнің түрлі елдерінен келген қарсыластарымен күш сынасады.
Жұлдыздар шеруі
Орталық Азия атынан мықты боксшылар қатысады.
Қазақстаннан:
IBF және WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО).
WBA рейтингінде екінші жартылай жеңіл салмақта №3 тұрған Сұлтан Заурбек (19-0, 13 КО).
Тәжірибелі Батыржан Жүкембаев (23-1, 17 КО).
Өзбекстаннан:
Аса ауыр салмақтағы екі дүркін Олимпиада чемпионы Баҳодир Жалолов (14-0, 14 КО).
WBA рейтингінде жартылай жеңіл салмақта №3 тұрған Отабек Холматов (12-1, 11 КО).
Рингтегі алғашқы қадам
Осы жұлдызды құрамның ішінде Махмұд Сабырханның кәсіпқой рингтегі дебюті ерекше назар аудартады.
23 жастағы боксшы әуесқойлар арасында 54 кг салмақта өнер көрсеткен. 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленіп, 2023 жылы Өзбекстанда әлем чемпионы атанды.
«Қазақтың Ломаченкосы»
Сабырханның салмақ дәрежесі Париж-2024 Олимпиадасының бокс бағдарламасында болмағандықтан, ол 57 кг салмақта бақ сынады. Алайда, бұл тәжірибе сәтті болмады – ол жүлделі орынға жете алмады.
Сербиядағы әлем чемпионатында Махмұдтың шабуыл стилін Василий Ломаченкоға теңеп, оны «Қазақтың Ломаченкосы» деп атады.
Маңызды қадам
5 сәуірдегі жекпе-жекте Сабырхан 55,3 кг (екінші жеңіл салмақ) санатында өнер көрсетеді.
Кәсіпқой бокста дебютанттар әдетте 4 раундтық жекпе-жектерден бастайды. Бірақ Махмұд бірден 6 раундқа шығуды жөн көрді. Оның қарсыласы – 28 жастағы филиппиндік Джей Фрэнсис Бурай (13-3-1, 3 КО). Бұл спортшының кәсіпқой рингте 10 жылдық тәжірибесі бар.
Бурай 2023 жылы 3 жекпе-жек өткізіп, екеуінде жеңіске жетті. Тек Индонезияда жергілікті жұлдыз Онген Сакносивиге (13-0, 11 КО) ұпай санымен есе жіберді.
P.S. Махмұдтың кәсіпқой бокста толықтай қалатынын айтуға әлі ерте – оның Олимпиада-2028 ойындарына қатысу жоспары бар. Дегенмен кәсіпқой рингтегі тәжірибесі оны тек шыңдай түсетіні анық.