Наваррете – Суарес: «Патша жауынгері» мен «Ковбойдың» текетіресінде кім жеңіске жетеді?

8 мая 2025 г.
Наваррете – Суарес: «Патша жауынгері» мен «Ковбойдың» текетіресінде кім жеңіске жетеді?

Кейінгі жылдары кәсіпқой бокс жанкүйерлері мексикалық Эмануэль Наварретенің жекпе-жектерін қызыға тамашалайтын деңгейге жетті. Себебі ол әр кездесуінде көрермендерге тартысты әрі әсерлі айқастар ұсынып жүр. Осы жексенбіде мексикалық боксшы жанкүйерлеріне тағы бір қызықты жекпе-жек тарту етпек. Сондықтан бұл жолғы чемпиондық белбеуді қорғау кездесуі мамыр айындағы кәсіпқой бокстағы басты оқиғалардың бірі болмақ.

Атақты қорғау оңай емес

Биыл қаңтарда 30 жасқа толған Эмануэль Наваррете (39 жеңіс, 2 жеңіліс, 1 тең, 32 нокаут) – кәсіби мансабында үш түрлі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған боксшы. Қазіргі таңда ол екінші жартылай жеңіл салмақта (59 келіге дейін) WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы.

Наваррете осы чемпиондық белбеуін 10 мамыр күні (Астана уақытымен 11 мамыр) филиппиндік боксшы Чарли Суареске (18 жеңіс, 0 жеңіліс, 10 нокаут) қарсы қорғайды. Жекпе-жек АҚШ-тың Калифорния штатындағы Тынық мұхиты жағалауындағы Сан-Диего қаласында өтеді.

Сан-Диегода жекпе-жек өткізілуі де кездейсоқ емес. Қала Мексика шекарасына өте жақын орналасқан, сондықтан мексикалық боксшы жанкүйерлерінің қолдауы айрықша болары сөзсіз.

Алматы мен Астанада жұдырықтасқан

Филиппиндік Чарли Суарес – қазақстандық бокс жанкүйерлеріне таныс есім. Әуесқойлар арасында ол Филиппин құрамасының намысын қорғап жүріп, Қазақстанға бірнеше мәрте келіп, шаршы алаңда өнер көрсеткен. Әлем чемпионаттары мен Олимпиада секілді беделді халықаралық жарыстарға қатысқан тәжірибелі спортшы.

Суарес 2012 жылы Астанада өткен Лондон Олимпиадасына іріктеу турнирінде финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болған. Сондай-ақ 2014 жылы Алматыда және 2018 жылы Астанада өткен Президент кубогына қатысқан. 2014 жылғы бәсекеде екінші орын алған.

Қарсылас – осал емес

Қазіргі таңда Суарес WBO екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде ТОП-15 рейтингінде бірінші орында тұр. Ең кейінгі жекпе-жегін 2024 жылдың қыркүйегінде АҚШ-та өткізіп, америкалық Хорхе Кастанеданы (18-1, 14 КО) үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңген. Кастанеда сол кездесуде екі рет нокдаунға түскен.

Ал Эмануэль Наваррете шаршы алаңға кейінгі рет 2024 жылдың желтоқсанында шыққан. Ол кезде өзінің отандасы, атақты боксшы Оскар Вальдеспен (32-3, 24 КО) екінші рет қолғап түйістіріп, қарымта айқаста қарсыласын үш рет нокдаунға түсіріп, 6-раундта нокаутпен жеңіске жетті. Алғашқы кездесу 2023 жылдың тамызында өтіп, ол кезде Наваррете ұпай санымен басым түскен еді.

Айта кетейік, бұл жекпе-жекті отандық бокс жанкүйерлері тікелей эфирде тамашалай алады. Екінші жартылай жеңіл салмақтағы бұл кездесуді 11 мамыр күні таңертең Sport Plus Qazaqstan телеарнасынан көруге болады.