Мұртазалиев-Цзю: IBF нұсқасы бойынша чемпион кім болады?
20 қазанға қараған түні Орландода (АҚШ) бокс шоуы өтеді. Оның басты жекпе-жегінде ресейлік Бахрам Мұртазалиев пен австралиялық Тим Цзю кездеседі. Олар бірінші орта салмақтағы (69,9 келіге дейін) IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Ringkz.com порталы керемет әрі тартысты жекпе-жек туралы жан-жақты шолу ұсынады.
Бахрам Мұртазалиев: Чемпиондыққа апарар жол
Елі: Ресей
Жасы: 31 жыл
Бойы: 183 см
Кәсіпқой бокстағы рекорды: 22 жеңіс (оның 16-сы нокаут)/0 жеңіліс
Рейтингтегі орны: (бірінші орта салмақ): IBF бойынша әлем чемпионы
Бахрам Мұртазалиев әуесқойлар бойынша Ресей чемпионаттарының бірнеше жүлдегері. Әуесқой рекорды: 154-17.
2014 жылдан бастап кәсіпқой рингте өнер көрсетеді. Ол мансабын Ресейде бастады. Ол жақта аралық 6 жекпе-жек өткізіп, кейін АҚШ-та Сергей Ковалев-Андре Уорд бокс кешінде дебют жасады.
2018 жылы ол WBC USA белбеуін жеңіп алып, бір рет сәтті қорғап шықты. 2019 жылы IBF элиминаторда Хорхе Фортеадан басым түсті. Ұзақ уақыт бойы дивизионның көшбасшысы Джермелл Чарломен кездесетін үміткер болды. Бірнеше рет аз ақшаға шығуға келіскен, өйткені америкалық боксшы белгісіз қарсыласпен кездескісі келмеді.
Титулдық мүмкіндік тек Джермелл белбеуден мәжбүрлі түрде бас тартқаннан кейін пайда болды. Сөйтіп 2024 жылдың сәуірінде ол бұрынғы әлем чемпионы Джек Кулькайды нокаутпен жеңіп, чемпион атанады.
Сондықтан алдағы жекпе-жекте Бахрам титулын алғаш рет қорғайды.
Тим Цзю: Мұртазалиевке апарар жол
Елі: Австралия
Жасы: 29 жас
Бойы: 174 см
Кәсіпқой бокстағы рекорды: 24 жеңіс(17 нокаут)/1 жеңіліс(ұпай бойынша)
Рейтингтегі орны (бірінші орташа салмақ): IBF бойынша #4 және WBO бойынша #1
Аты аңызға айналған Костя Цзюдің ұлы әуесқойлар арасында Австралия чемпионатында бірнеше рет жүлдегер атанды. Оның әуесқой рингтегі рекорды: 33-1.
2016 жылдан бастап кәсіби шаршы алаңда өнер көрсетіп келеді. Мансабын Австралияда бастады. Сол кезде ел чемпионы атанып, WBC Asian Continental атағын жеңіп алды. Ал 2019 жылы WBO Global белбеуін иеленді.
Мансабындағы серпіліс 2020 жылы бұрынғы әлем чемпионы Джефф Хорнды 8-раундта нокаутқа түсіргеннен басталды. Содан кейін бұрынғы үміткерлер Деннис Хоган мен Такеши Иноуэді жеңді.
2022 жылы АҚШ-та дебют жасап, Террелл Гаучерді тартысты кездесуде жеңді. WBO үміткері ретінде сол Чарломен кездесуі керек еді, бірақ чемпион басында қолын жарақаттады, содан кейін Канело Альвареспен қаржы жағынан тиімді жекпе-жек өткізді.
2023 жылы Цзю бұрынғы әлем чемпионы Тони Харрисонды жеңіп, WBO-ның уақытша белдеуін алды. Белбеуін алғашқы рет қорғағанда Брайан Мендозаны жеңді.
2024 жылы Тим кеш уақытта Себастьян Фундорамен жекпе-жек өткізуге келісім берді. Ол кезде бос тұрған WBC белбеуі сарап салынды. Цзю қабағы қатты жарылып, төрешілердің шешімімен жеңілді.
Енді Мұртазалиевпен жекпе-жекке міндетті үміткер мәртебесінде шығады.
Мұртазалиев-Цзю: Боксшылардың артықшылығы мен кемшін тұстары
Денесі ірі боксшы-панчер Мұртазалиев бірінші нөмірмен бокс жасағанды жөн көреді. Оның джебі жақсы, оң жақтан және денеге көп соққы жасайды. Ол барлық соққысына күш салады, алайда қатты қысымда қалғанда өзін жайлы сезінбейді.
Чемпионның соққысы ауыр, бірақ қолдары баяу. Бұл техника жағынан ең жақсы боксшы емес, бірақ барынша төзімді және кез келген жағдайда соңына дейін барады.
Цзю стилистикалық тұрғыдан Канелоға ұқсайды. Яғни ол жоғары блокты қолдана отырып прессинг жасайды, қарсыласты үнемі тықсыртып, дайын емес шабуылдарға мәжбүрлейді. Ол өзін рингте керемет ұстайды, аяқпен жақсы қозғалып, соққыларды тез, дәл әрі жалдам жасайды.
Ол Мұртазалиевтен жылдамдық пен дәлдік сияқты компоненттерде әлдеқайда басым. Бірақ чемпионның да жауабы көп: ірі денесі мен жақсы джеб, сондай-ақ оң қолымен жасайтын кросс (Гаучердің дәл осы соққысы Цзюді құлатқан еді).