Мейвезер 600 миллионға МакГрегормен және Нурмагомедовпен төбелесуге дайын

6 марта 2020 г.
Мейвезер 600 миллионға МакГрегормен және Нурмагомедовпен төбелесуге дайын

Кәсіпқой бокстан бес салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы болған Флойд Мейвезер үлкен спортқа тек UFC жұлдыздары Конор МакГрегормен және Хабиб Нурмагомедовпен төбелесу үшін ғана оралуға дайын екендігін мәлімдеді. Әрі 600 миллион долллар төлесе ғана жекпе-жекке шықпақ екен. Лондондағы Йорк-холлда фанаттармен кездескен даңқты чемпион осы соманы атаған.

Әлеуметтік желілерде талқылағанымыздай, қазір тек екі есім бар. Біз Конормен және Хабибпен жекпе-жекке шығуды сөз қылған болатынбыз. Менің бағам – 600 миллион доллар. Егер мен тәуекелге бел буатын болсам, ол соған тұрарлықтай болуы қажет. Қазір бокс әлемінде маған жай спортшымен айқасудың мәні жоқ. Мен – бизнесменмін. Егер менің жекпе-жегімнен қыруар ақша түссе, онда оның мәні бар.

Конор Макгрегормен айқасудың мәні болды. Біз өткен жолы 250 миллионнан 300 миллионға дейін көтердік. Бұл жолы одан асып түсеміз деп ойлаймын. Мен бір ғана қала тілеуін тілейтін, жанкүйері аз спортшымен жекпе-жекке шықпаймын. Менімен төбелескісі келетін адамның артында бүкіл елі, дүйім халық тұруы керек, – депті кәсіпқой бокста ешкімнен жеңілмеген чемпион.

Естеріңізге сала кетейік, Флойд Мейвезер өзінің соңғы ресми жекпе-жегін 2017 жылы тамыз айында Конор МакГрегормен өткізіп, 10-раундта жеңіске жеткен. Бұл жекпе-жектен қайсысының жалпы сомасы қанша ақша алғаны жайлы нақты ақпарат жоққа тән. Бірақ «Мейвезердің 230 миллионнан кем алмағы анық» деп жазған болатын шетелдік басылымдар.