Майки Гарсия мен Мэнни Пакьяоның айқасын қашан көреміз?
Жақында Роберт Истерді жеңіп, екі белбеуді беліне байлаған америкалық Майки Гарсия өзінің отандасы Эррол Спенспен төбелесу үшін бірден екі салмаққа көтерілуге дайын екендігін айтты. Алайда, Майкиге филиппиндік Мэнни Пакьяоға қарай көз қырын салған дұрыс секілді.
Гарсия мен Истердің жекпе-жегін Showtime кабельдік телеарнасы арқылы орта есеппен 680 мың көрермен тамашалаған. Боксшылардың екеуі де америкалық, екеуінің де өте мықты екендіктерін ескерсек, бұл өте төмен, ал Гарсия үшін тым ұят көрсеткіш. Шынын айтқанда, мұндай қарқынмен Майки жартылай орта салмақтағы Эррол Спенспен де миллион көрермен жинай алмайды. Оған дәл қазір керегі «Пакмэн» ғана.
Мэнни Пакьяо мен Майки Гарсияның потенциалды төбелесі жайлы сонау 2014 жылдан бері айтылып жүр. Екеуі кезінде бір залда жаттыққан. Талай рет өзара спарринг те өткізген.
– Ол кезде мен жас едім. Пакьяо екеуміз бір залды бөлістік. Өте мықты боксшы еді. Бірақ, жұдырықтасу мәнері және сауатты қорғанымен емес, еңбегі мен жылдамдығының арқасында қарсыластарын жеңетін. Ал қазір ол қартайды. Сол кездің өзінде-ақ соққыларымды өткізетін едім, ал қазір Мэнниді оңай жеңемін, – деп еске алады бұл туралы Майкидің өзі.
Неде болса, Майки Гарсияға дәл қазір керегі Мэнни Пакьяо. Бұл жекпе-жек 1,5 миллиондай көрермен жинауы әбден мүмкін. Айқастың екі боксшыға да зор табыс әкелетінін Флойд Мейуэзердің өзі де айтып, тіпті делдалдың қызметін де ұсынып отыр.
Айта кетейік, жақында Лукас Матиссені нокаутпен ұтқан Пакьяоның еншісінде жартылай орта салмақтағы WBA чемпиондық белбеуі бар.