Әлішер Әбдуәлім: Жекпе-жек оңай болған жоқ

29 сентября 2024 г.
Әлішер Әбдуәлім: Жекпе-жек оңай болған жоқ

Алматыдағы Sadu Arena кешенінде Irfin Promotions промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен халықаралық кәсіпқой бокс кеші өтті. Аталған бокс кешінде бірнеше отандасымыз өнер көрсетіп, барлығы да жергілікті жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантты.

Солардың бірі - Тараздың жас таланты Әлішер Әбдуәлім. Ол жиналғандарды қуантып, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Отандасымыз грузиялық тәжірибелі боксшы Иракли Геранашвилимен жолығып, бокс кешіне жиналған қауымға 6 раунд бойы тартысты айқас көрсетті. Нәтижесінде жерлесіміз төрешілердің шешімімен кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Жекпе-жек оңай болған жоқ. Себебі қарсылас өте тәжірибелі, мықты дайындалған. Бұл менің алғашқы 6-раундтық жекпе-жегім еді, сондықтан физикалық тұрғыдан кішкене қиындау болды. Бірақ барынша дайындалып, бар күшімді салдым. Келесі кездесулерге бұдан да жақсы шындалып шығамын деп серт беремін, - деді боксшы.

Осыдан кейін Әлішер қарсыласы туралы да айтты.

Грузиялық боксшы туралы бұрын-соңды естіп көрмеппін. Бірақ дайындық барысында барлық жекпе-жектерін қарап шықтым. Бұрын ауырлау салмақта жұдырықтасыпты. Жалпы жекпе-жекті маған ұсынды, мен қабыл алдым. Ешкімнен, ешқашан, ешқайда қашпаймыз. Жақсы өнер көрсетіп, төрешілердің шешімімен толық келісмен. Қазылар 2:1 есебімен жеңісті маған берді, сондықтан бәрі жақсы. Грузиялық боксшы физикалық тұрғыдан мығым, соққылары да ауыр екен. Ал бокс шеберлігі мен техника жағынан өзім басым болдым деп ойлаймын, - деді ол.

Сондай-ақ ол өз болашағы туралы да тоқталды.

Кемшін кеткен тұстарым да болды. Оны бәрін білемін, себебі дайындық кішкене аз болып қалды. Дегенмен болашақта осы қателіктерді болдырмайын. Енді жыл соңына тағы бір жекпе-жек берсе, соған барынша дайындаламын. Кез келген қарсыласпен шығуға әзірмін. Маған жанкүйер болған әр адамға алғыс айтамын. Сіздер қолдаудан шаршамаңыздар, біз жақсы жекпе-жектер сыйлаудан шаршамайық! - деп қорытындылады сөзін Әлішер Әбдуәлім.

Текст: Admin Admin