​Әлімханұлы – Нгамиссенге: Бокс кешінің билет бағасы белгілі болды

5 марта 2025 г.
​Әлімханұлы – Нгамиссенге: Бокс кешінің билет бағасы белгілі болды

5 сәуір күні елордадағы «Барыс Арена» көпсалалы спорт кешенінде үлкен кәсіпқой бокс кеші өтеді. Астанадағы айтулы бокс бәсекесінің басты жекпе-жегінде орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) мен франциялық Анауэль Нгамиссенге (14-0, 9 КО) жұдырықтасады.

Ең арзаны – 20 мың, қымбаты – 255 мың теңге

Астанадағы бокс кешінің билеттері бүгін, яғни 5 наурызда, айқасқа тұп-тура бір ай қалғанда сатылымға шықты. Afisha.yandex.kz сайтының мәліметі бойынша, жекпе-жектің ең арзан билеттері билеттері 20 мың теңгеден басталады. Ал ең қымбаты 255 мың теңгеден сатылып жатыр.

Осыдан 10 жыл бұрын пайдалануға берілген «Барыс Арена» мұзсайрының ресми дерегі бойынша жанкүйерлерге арналған орын саны 11,578 адамға шақталған. Сонымен қатар ұйымдастырушылар рингтің төрт бұрышына 5 және 24 қатардан тұратын 6 аймақтық қосымша орын қарастырған. Бокс кешінің ең қымбат билеттері де осы аймақтағы орындарға арналған.

Билет бағасы қымбат па, арзан ба?

Әлеуметтік желіде отандық спорт жанкүйерлері Әлімханұлы – Нгамиссен бокс кешінің билеттері өте қымбатқа сатылып жатқанын айтып, жазып жатыр. Біз билеттің бағасы қымбат немесе арзан екенін айта алмаймыз. Бірақ Жәнібек Әлімханұлының 2023 жылы АҚШ-та өткізген бокс кешінде сатылған билеттер бағасымен салыстыра аламыз.

Мәселен, 5 сәуір күні Астанадағы бокс кешінің билеттер бағасын АҚШ долларына айналдырғанда ең арзан билет 40 долларды (20,000 теңге) құрайды. Ал ең қымбат билет деп айтылған 255,000 теңгені АҚШ долларына шаққанда 514 долларды құрайды.

Ал 2023 жылы АҚШ-тың Техас штатындағы Розенберг қаласында өткен Жәнібек Әлімханұлының германиялық Винченцо Гуальтьериге (21-0-1, 7 КО) қарсы бокс кешінде ең арзан билет 35 долларға (16 мың теңге) сатылған. Ал рингке ең жақын орындар 100 және 125 доллар болған. Яғни теңгеге шаққанда шамамен 46 және 58 мың.

Бокс кешінде кімдер шығады?

Аталған бокс кешінде қазіргі уақытта әуесқой бокстан ұлттық құрама сапында жүрген ағайынды Махмұд және Төрехан Сабырхандар өнер көрсетеді. Бұл жас боксшылардың кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жектері болмақ. Ағайынды боксшылардың қарсыласы әзірге анықталмаған. Сондай-ақ, Астанада Сұлтан Зауырбек пен Батыр Жүкембаев та кезекті айқастарын өткізеді.

Сонымен қатар 5 сәуір күні Өзбекстанның екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған Баходир Жалолов та осы кеште кәсіпқой бокстағы шеберлігін көрсетпек.

Айта кетейік, әлемдік деңгейдегі кәсіпқой бокс кешін Nomad Promotions компаниясы ұйымдастырады. Компания директоры Рустам Қуанышәлиевтің айтуынша, аталмыш промоушн алдағы 3 жыл ішінде Қазақстан мен Орталық Азияны бокстың ең ірі таланттары үшін тартымды орталыққа айналдырып, бокс тарихында жаңа тараулар жазуды мақсат еткен.

Текст: Admin Admin