Келесі кім?: Жәнібек Әлімханұлы Сиднейде Андрей Михайловичті сұлатып салды

5 октября 2024 г.
Келесі кім?: Жәнібек Әлімханұлы Сиднейде Андрей Михайловичті сұлатып салды

Орта салмақтағы WBO және IBF титулдарының иегері, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) жаңазеландиялық Андрей Михайловичпен (21-1, 13 КО) жұдырықтасып, IBF чемпиондық атағын сәтті қорғады.

Аустралияның Сидней қаласындағы әйгілі The Star спорт кешенінде өткен жекпе-жекке көрермендер көптеп жиналып, жерлесіміз оларға нағыз кәсіпқой бокс шоуын көрсетті.

Кездесу басталған бетте Жәнібек Әлімханұлы сырт жерде жұдырықтасса да, рингте кімнің қожайын екенін бірден байқатты. Алғашқы минуттардан бастап рингтің ортасын иеленіп, соққыларын діттеген жеріне тигізіп жатты. Михайлович жекпе-жек барысында Жәнібекпен жақын қашықтықта жұдырықтасуға тырысып, жиі клинчке барып отырды. Себебі алыс қашықтықта жұдырықтасу оған тиімсіз болатын. Дегенмен, Жәнібек оның бұл жоспарын іске асырмай, бірінші раундтан бастап үстемдік көрсетті.

Екінші раундта отандасымыз белсенділігін арттырып, раундтың бел ортасынан асқанда жойқын соққысын жұмсап, Андрейді тәлтіректетіп жіберді. Қарсыласы денесін игере алмай, рингте әрең жүрсе де, Жәнібек жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға асыққан жоқ. Тек раундтың соңында сол қолымен жұмсаған сериялы соққысынан кейін қарсыласы теңсіздікті жоғалтып, рингке екі рет аунап түсті. Нокдаун! Алайда жаңазеландиялық боксшыны раунд аяқталған гонг үні ғана нокауттан құтқарып қалды.

Үшінші раундтан кейін Жәнібек қарынын бәсеңдетіп, Михайловичке шабуыл жасауға мүмкіндік берді. Андрей де өзіне берілген мұндай мүмкіндікті жіберіп алмау үшін, отандасымызға жоспарлы соққысын жасағанымен, ринг ішінде Жәнібек оның соққыларын шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Дегенмен, жекпе-жектен кейін отандасымыздың түрін көргенде, жас боксшының соққылары ауыр болғанын байқадық.

Жекпе-жектің екінші бөлігінде Жәнібектің физикалық тұрғыда аздап шаршағаны байқалды. Өйткені соққылары әлсіз шығып, көздеген мақсатына жете алмай жатты. Мұны Андрей тиімді пайдалана алғанымен, отандасымыз кез келген соққыны көтере алатынын көрсетті.

9-шы раундта Михайлович Жәнібектің сериялы екі соққысынан кейін арқанға жабысып, құлаудың алдында тұрғанын аңғарған рефери көп ойланбастан бірден жекпе-жекті тоқтатып тастады. Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы кезекті жеңісіне қол жеткізіп, өзінің чемпиондық атағын тағы бір мәрте қорғап қалды.

Бұл жекпе-жек қазақ боксының тағы бір жетістігі ретінде тарихта қалатыны сөзсіз. Жәнібек Әлімханұлының айқастағы шеберлігі мен сенімділігі оның болашағына деген үлкен үмітті ұялатты. Ал бокс жанкүйерлері одан әрі қызықты жекпе-жектерді асыға күтеді!

Кездесуден кейін отандасымыз қарсыласын нокаутқа түсірмей, уақытты созуына не себеп болғанын айтты.

«Нокаутқа ерте түсірмеуімнің өз себебі бар. Барлығын ерте сездім, соққы өткізіп көрдім. Баспасөз конференциясында ол көп сөйледі. Негізі 6-7 раундта құлатамын деп едім. Оған сол сөздері үшін әдейі созып, қинағым келдім. Күші таусылып, әбден ит сілікпесі шығып, біткен кезде іске кірістім. Осылайша, тоғызыншы раундта нокаутқа түсірдім», - дейді Жәнібек Әлімханұлы.

QAZAQ STYLE Михайлович соққысының аса жойқын емес екенін, аса сезбегенін айтты. Жаңа Зеландия боксшысы нокдауннан кейін екінші раундта тактикасын өзгерткен.

«Нокдауннан кейін баспен ішке кіре берді. Мен жақындасам, төрешілер ескерту жасап, қарсыласқа болыса береді. Өйткені жекпе-жек соның елінде өтіп жатыр. Екінші раундтан кейін әдейі создым. Ал сегізінші раундтан кейін ұрып құлатуды ойладым. Батырлар кеш оянады ғой, бізде де солай болды», - дейді боксшы.

Текст: Admin Admin