Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының коронавирус індетіне байланысты ресми мәлімдемесі
ҚР кәсіпқой бокс федерациясының Атқару комитеті ресми мәлімдеме жариялап, онда коронавирус індетінің қауіпіне байланысты әлемдегі және еліміздегі жалпы жағдайға тоқталып өткен. Мәселен, дүниежүзі спортында және кәсіпқой бокс әлемінде көптеген спорттық шаралардың уақытша тоқтатылғандығын немесе кейінге шегерілгендігін көлденең тартқан.
Қазіргі осындай жағдайларға байланысты, Қазақстан КБФ еліміздегі промоутерлік компаниялардың әзірше ешқандай бокс кештерін немесе турнирлерін өткізбей тұра тұруларын өтінеді. Әрі біздің елде кәсіпқой бокс жекпе-жектерін өткізуге уақытша рұқсат (санкция) бермейтіндіктерін жариялауға мәжбүр болып отырғандықтарын мәлімдеген – ешқандай промоутерлік компанияға, ешбір боксшыға.
Бұл ретте, Қазақстан КБФ Атқару комитеті өздері үшін ең бастысы боксшылардың өмірі мен денсаулығы екендігін қадап айтып, айрықша атап өткен. Әрі осы ұстанымдарынан, қағидаларынан айнымайтындықтарын да тілге тиек еткен. Осындай мәжбүрлі шешім қабылдағандарына еліміздегі бокс қоғамдастығының (спортшылардың, промоутерлердің, жанкүйерлердің және т.б.) түсіністікпен қарауларын өтінген.