​Қарсылас ауысты. Руслан Мәдиев Таиландта кіммен жұдырықтасады?

10 января 2025 г.
​Қарсылас ауысты. Руслан Мәдиев Таиландта кіммен жұдырықтасады?

Қазақстандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен 1 ақпанда Таиландта өтетін бокс кешінде өнер көрсететін Руслан Мәдиевтің қарсыласы ауысты.

Басты себеп – виза

Жартылай орта салмақта (66,7 кг) сынға түсетін қазақстандық кәсіпқой боксшы бастапқыда танзаниялық Фикири Салум Мохамедпен (12-1-1, 11 КО) жұдырықтасып, WBA Asia титулын алғаш рет қорғау тиіс болатын. Алайда, жекпе-жекке үш аптадан аса уақыт қалғанда Фикири белгілі бір себептермен кездесуден бас тартуға мәжбүр болды.

Irfin Promotions компаниясының бас директоры Бағдәулет Төрехановтың айтуынша, Фикири Салум Мохамедке Таиландқа кіруге виза алу мәселесінде қиындықтар туындаған.

«Фикири Салум Мохамедтің Таиландқа кіруге виза алу мәселесінде қиындықтар туындады. Танзанияда мұндай виза алу мүмкін емес екен. Боксшы мен оның жаттықтырушысына Кенияға бару да ұсынылған. Бірақ визаның рәсімделу уақыты ұзаққа созылып кетуі мүмкін еді. Оған қоса, визаның уақытында берілетініне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан біз тез арада Руслан Мәдиевке жаңа қарсылас іздеуге мәжбүр болдық», - деді Бағдәулет Төреханов.

Осылайша, Руслан Мәдиев Irfin Promotions промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан екінші кездесуінде де жекпе-жекке аз уақыт қалғанда қарсыласы ауысып отыр. 2024 жылдың 21 қыркүйегінде өткен бокс кешінде отандасымыз WBA Asia титулы үшін таиландтық Киттисак Клинсонмен (8-1, 5 КО) жұдырықтасуға тиіс еді. Алайда Киттисак денсаулық жағдайына байланысты Алматыға келе алмаған соң, Руслан ресейлік Тигран Согоянмен (7-0-1, 4 КО) рингке шыққан болатын.

Жаңа қарсылас – Филиппин чемпионы

Irfin Promotions промоутерлік компаниясының жылдам әрекет етуінің нәтижесінде Руслан Мәдиев 1 ақпандағы жекпе-жекте филиппиндік боксшы Али Канегамен (11-1-1, 7 КО) кездесетін болды. Канега – өзінің салмақ дәрежесінде Филиппиннің ең үздік боксшыларының бірі. Сонымен қатар 26 жастағы боксшы өз елінің кәсіпқой бокстағы чемпионы. Қазіргі таңда Мәдиев-Канега жекпе-жегін өткізу және ринг төрешісі мен қаптал төрешілерді тағайындау үшін WBA Asia бокс ассоциациясына өтініш берілді.

Айта кетейік, 1 ақпандағы бокс кешінде Руслан Мәдиевтен бөлек тағы үш қазақстандық боксшы өнер көрсетеді. Атап айтқанда, жеңіл салмақтағы WBA Asia бос чемпиондық титул үшін Елшат Нығметолла (20-0-1, 7 КО) индонезиялық Фласидус Нуномен (10-1-2, 8 КО) кездессе, жартылай орта салмақтағы (63,5 кг) Нұрдос Төлебай (13-0, 10) ирандық Амирхоссейн Арзимен (2-0, 2 КО) және орта салмақтағы (72,6 кг) Армат Арманұлы (1-1) пәкістандық Хабиб Ур Рехманмен (6-1, 5 КО) рейтингтік жекпе-жектер өткізеді.

Текст: Admin Admin