​IRFIN PROMOTIONS ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БОКСШЫЛАРДЫ ШЕТЕЛ НАРЫҒЫНА ШЫҒАРАДЫ

17 декабря 2024 г.
​IRFIN PROMOTIONS ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БОКСШЫЛАРДЫ ШЕТЕЛ НАРЫҒЫНА ШЫҒАРАДЫ

Жаңа жылдан бастап отандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясы қазақстандық боксшыларды халықаралық аренаға шығаруды жоспарлап отыр. Компанияның бұл бастамасы еліміздің спорт саласында маңызды кезеңнің басталуы болмақ. Осы арқылы Қазақстанның талантты боксшылары әлемдік деңгейде танылып, бокс бойынша кәсіби мансабын одан әрі дамытуға мүмкіндік алады.

Бүгінге дейін атқарылған жұмыс

2024 жылы Irfin Promotions компаниясы Шымкент және Алматы қалаларында бірнеше маңызды кәсіпқой бокс кештерін өткізгені белгілі. Еліміздің республикалық маңызы бар екі қаласында ұйымдастырылған әрбір кездесуде қазақстандық боксшылар шетелдік тәжірибелі қарсыластарымен жұдырықтасты. Мұндай халықаралық деңгейдегі жекпе-жектер қазақстандық спортшыларға үлкен тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдауға септігін тигізді.

Аталған бокс кештерінде кәсіпқой бокста тәжірибе жинақтаған былғары қолғап шеберлерімен қатар, әуесқой бокста түрлі атақтарға қол жеткізіп, енді ғана кәсіпқой боксқа қадам басқан боксшылар да өнер көрсетті. Бұл кештерде Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан, атап айтқанда, Қарағанды, Астана, Алматы, Ақтау, Тараз, Өскемен, Түркістан, Қызылорда және басқа да қалалардан келген талантты боксшылар өз бақтарын сынады. Олар Таиланд, Филиппин, Ресей, Монғолия, Өзбекстан, Үндістан, Грузия, Қырғызстан және Танзания сияқты елдерден келген боксшылармен шеберлік байқасты.

Басты мақсат – титулды жекпе-жектер ұйымдастыру

Irfin Promotions компаниясының алдағы негізгі мақсаты – қазақстандық боксшыларды халықаралық аренада танымал ету және титулды жекпе-жектерге қатыстыру. Шымкент және Алматыда өткен бокс кештерінде компания қазақстандық боксшылардың әлеуетін байқап, енді олардың кәсіби мансаптарын халықаралық деңгейде жалғастыру үшін арнайы жоспарлар құрып отыр.

Компания осы екі қалада өткізілген бокс кештері барысында қазақстандық боксшылардың дайындығын бағалап, оларға қосымша қолдау көрсету үшін алдағы уақытта шетелде өтетін жекпе-жектерін ұйымдастыруды бастайды. Мұның мақсаты – тек боксшыларды бокс кештеріне қатыстыру ғана емес, олардың чемпиондық титулдар үшін жекпе-жектерге шығуына жол ашу.

Irfin Promotions компаниясы титулды жекпе-жектер өткізуде тәжірибе жинақтап үлгерді. Мысалы, 21 қыркүйекте Алматыда өткен бокс кешінде WBA Asia тұжырымы бойынша жартылай орта салмақтағы чемпиондық титул үшін жекпе-жек өтті. Бұл жекпе-жекте қазақстандық боксшы Руслан Мәдиев (16-2, 6 КО) ресейлік Тигран Согоянды (7-1-1, 4 КО) 10 раундтың қорытындысы бойынша жеңіп, чемпиондық титулды жеңіп алды. Жекпе-жек барысында Руслан 98:92, 99:92, 100:90 есебімен қарсыласынан басым түсті.

Алдағы жоспарлар мен мақсаттар

Irfin Promotions компаниясының алдағы жоспары – Қазақстанның талантты боксшыларын халықаралық аренада таныту және олардың кәсіби мансаптарын жаңа деңгейге көтеру. 2025 жылы компания шетелде жекпе-жектер ұйымдастыруды бастайды, ал алғашқы бокс кештері ақпан айында өтеді.

Ringkz.com порталына белгілі болғандай, Irfin Promotions компаниясымен келешекте жұмысын жалғастыратын қазақстандық боксшылардың қай елде және қашан бірінші жекпе-жегін өткізетіні туралы мәліметтер де бар. Сонымен қатар қазақстандық боксшылардың қарсыластары да анықталды. Бұл туралы мәліметтер біздің портал арқылы оқырмандарға жеткізіледі.

Irfin Promotions компаниясымен жасалған келісімдерге сәйкес, барлық ақпарат жақын арада біздің порталда жарияланады. Сайтымызды оқи жүріңіздер!

Текст: Admin Admin
Теги: Irfin Promotions