IBA Kunlun Fight World Cup: Әділет Құрметов Олимпиада чемпионымен жұдырықтасты

17 ноября 2024 г.
IBA Kunlun Fight World Cup: Әділет Құрметов Олимпиада чемпионымен жұдырықтасты

Кәсіпқой мен әуесқой бокста қатар өнер көрсетіп жүрген қазақстандық боксшы Әділет Құрметов жуырда IBA Kunlun Fight World Cup турнирінде өнер көрсетті. Қытайда ұйымдастырылған бокс кешінде отандасымыз биылғы Париж Олимпиадасының чемпионы, кубалық Эрисланди Альвареспен жұдырықтасты.

Қарағандыда чемпион атанған «қара бала»

Биыл 24 жасқа толған Эрисланди Альварес жазда карьерасындағы ең үлкен жеңіске қол жеткізді. Парижде өткен Олимпиаданың финалында жергілікті боксшы, әлем чемпионы Софьян Умиамен жұдырықтасып, франциялық боксшыны жерлестерінің көз алдында жеңіп кетті. Бір қызығы, осыдан бір жыл бұрын Ташкентте өткен әлем чемпионатының финалында дәл осы екі боксшы жолығып, сол кезде франциялық боксшының мерейі үстем болған еді.

Кубалық Альварестің бұдан бөлек жетістіктері де жетіп артылады. Тіпті, ол 2023 жылы Қазақстанға келіп, Қарағандыда өткен Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде топ жарды. 63,5 келі салмақ дәрежесінің финалында «қара бала» Ақмола облысының өкілі Мұхаммедәлі Сыдықтан басым түскен еді.

Сондай-ақ, Эрисланди Альварес кәсіпқой бокста да тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр. Бүгінге дейін үш кездесу өткізіп, барлығында да айқын басымдықпен жеңіске жеткен.

Чемпионымен жұдырықтасу үшін салмақ қосты

Өздеріңіз білетіндей, Әділет әуесқой бокста 60 келі салмақта, кәсіпқой бокста 58 келі салмақта өнер көрсетіп жүр. Мәселен, жуырда ғана Алматыда отандық Irfin Promotions компаниясының ұйымдастыруымен өткен халықаралық бокс кешінде Әділет екінші орта жеңіл салмақта (58,9 кг) жұдырықтасқан болатын. Сол айқаста Құрметов үндістандық Вишал Кумарды нокаутпен тізе бүктірген еді.

Әділет Қытайда өткен IBA Kunlun Fight World Cup турнирі аясында Олимпиада чемпионымен жұдырықтасу үшін үлкен тәуекелге барып, кәсіпқой бокстың салмақ дәрежесімен есептегенде бір емес, үш салмаққа көтерілді.

Әрине, бокста салмақ өте үлкен рөл ойнайтындықтан, бұл айқаста отандасымыздан жеңіс күтудің өзі әбестік болар еді. Алайда кез келген боксшы шаршы алаңға жеңілемін деп емес, жеңемін деп шығады ғой. Әділеттің де бұл айқаста сенсация жасап, Олимпиада чемпионын тізе бүктіргісі келген еді. Алайда салмақ пен шеберлік өз сөзін айтып, айқаста Куба қабыланының мерейі үстем болды. Бес раунд бойы жалғасқан айқаста отандасымыз батырларша айқасып, қарымды қарсыласына лайықты қарсылық көрсете білді. Тіпті, бокс кешін ұйымдастырушы IBA ұйымы әлеуметтік желідегі парақшаларында Әділет пен Альварестің жекпе-жегіне жоғары баға беріп, «нағыз жауынгерлер» деп атады.

Осылайша, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жекпе-жекте жеңімпаз атанған кубалық боксшы 20 мың, ал отандасымыз 10 мың АҚШ долларына ие болды.