Хулио Сезар Чавес пен Серхио Мартинес қараша айында қарымта айқас өткізуі мүмкін

7 августа 2018 г.
Хулио Сезар Чавес пен Серхио Мартинес қараша айында қарымта айқас өткізуі мүмкін

Соңғы рет былтыр мамыр айында шаршы алаңға шығып, отандасы Сауль Альварестен нокаутпен жеңілген кіші Хулио Сезар Чавес пен кәсіпқой карьерасын 2014 жылы аяқтаған аргентиналық Серхио Мартинес қараша айында өзара айқас өткізуі мүмкін.

Екеуі «туиттерде» «тістесіп» қалды. Қыркүйектің 7-сі күні Серхио Морамен жекпе-жекке шығатындығын мәлімдеген Хулио Сезар Чавес америкалық боксшыны жеңгеннен кейін Серхио Мартинеспен кездескісі келетіндігін айтып қалды. Сол-ақ екен, жауап та көп күттірген жоқ. «Ешқашан реванш өткізу кеш болмайды. Мен бұл айқас үшін шаршы алаңға қайта оралуға дайынмын», – деп жазды орта салмақтың экс-королі.

Жалпы, Серхио Мартинес кәсіпқой бокспен 2014 жылы қоштасқан. Пуэрто-риколық Мигель Коттомен кездесіп, WBC белбеуінен айрылып қалған еді. Содан бері былғары қолғабын қайта киген жоқ. Алайда, 43 жасар Мартинес биыл Аргентина кәсіпқой бокс федерациясынан боксшылық лицензиясын ұзартып, кәсіпқой карьерасын қайта жалғастыруға құқық алды.

Ал Хулио Сезар Чавес екеуі 2012 жылдың қыркүйегінде кездескен. Мартинес қарсыласын 11 раунд бойы айызы қанғанша соққылап, соңғы раундта күтпеген жерден нокдаун алып қалды да, құлап бара жатып, тізесін қатты жарақаттап алды. Орнынан әзер көтерілген орта салмақтың экс-королі төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткенімен содан кейін карьерасы құрдымға кете бастады. 2013 жылы Мартин Мюррей де есеңгіретіп тастады. Тек төрешілердің бұра тартуынан кейін ғана чемпиондық атағын өзінде сақтап қалған. Алайда 2014 жылы Мигель Коттодан оңбай таяқ жеді. Бірінші раундта үш рет нокдаун алып, 9-шы раундта тағы да есінен танды. Сөйтіп, 10-раундта жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр болды.

Ал былтыр Канелодан жеңіліп, содан кейін көрінбей кеткен Хулио Сезар Чавес шаршы алаңға 7 қыркүйек күні қайта оралатын болды. Оның қарсыласы Серхио Мора. Жекпе-жек келісілген салмақ – 77,56 келіде өтеді.

Текст: Sadvakas Maikibayev