Хулио Сезар Чавес – Бекманның айқасын тамсана тамашаладым

2 мая 2017 г.
Хулио Сезар Чавес – Бекманның айқасын тамсана тамашаладым

Әйгілі Хулио Сезар Чавес Мексиканың Чиуауа қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінен кейін WBC International чемпиондық белбеуінің су жаңа иегері Бекман Сойлыбаевпен әуежайда кездесіп қалып, алдағы карьерасына сәттілік тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, 29 сәуір күні Мексиканың Чиуауа қаласында кәсіпқой бокс кеші өтіп, венесуэлалық Самуэл Гонсалесті жеңген «Diamond Ring» боксшысы Бекман Сойлыбаев WBC International чемпиондық белбеуінің иегері атанған болатын. Дәл осы кеште үлкен-Чавестің кіші ұлы Омар Чавес те шаршы алаңға шығып, Рамон Альваресті екінші раундта нокаутқа түсірген болатын.

– Бекман мен венесуэлалықтың жекпе-жегі тартысты өтті. Содан кейін шаршы алаңға өзімнің ұлым шығуы тиіс болса да, Бекманның айқасын тамсана тамашаладым. Бекман өзінің шеберлігінің, қарқындылығының және қазақ елінің боксшыларына тән мінезділігінің арқасында жеңіске жетті. Раунд өткен сайын қарқынын арттырып, көрерменнің көңілінен шығатындай жұдырықтасты. Жекпе-жектің соңғы бөлігі толығымен Сойлыбаевтың еншісінде қалды. Чемпиондық айқастарда бұл өте маңызды. Сойлыбаев WBC International чемпиондық белбеуіне лайық өнер көрсетті. Алдағы карьерасына сәттілік тілеймін! Жақын болашақта өз салмағының толыққанды әлем чемпионы болатындығына сенімдімін, – деді үлкен-Чавес кездесуден кейін Бекманның менеджеріне.

Айта кетейік, Лос-Анджелестегі үш айлық оқу-жаттығу жиынынан және мұхиттың арғы жағалауында өткізген екі жекпе-жектен кейін «Diamond Ring» боксшысы елге оралып, жаттығуын Қазақстанда жалғастыратын болады.

Текст: Sadvakas Maikibayev