Хосе ПЕДРАСА – Ломаченкомен төбелесуге 200 пайыз дайынмын

7 декабря 2018 г.
Хосе ПЕДРАСА – Ломаченкомен төбелесуге 200 пайыз дайынмын

Жеңіл салмақтағы WBO чемпионы пуэрто-риколық Хосе Педраса желтоқсанның 8-і күні Нью-Йоркте өтетін Василий Ломаченкоға қарсы жекпе-жекке дайындығын айтып берді.

Естеріңізге сала кетейік, жеңіл салмақтағы WBO және WBA Suрer чемпиондық белбеулері сарапқа салынатын жекпе-жекті Қазақстанда тікелей эфирден «Хабар» телеарнасы көрсетеді. Трансляция желтоқсанның 9-ы күні таңғы 8:00-де басталады.

– Жекпе-жекке 200 пайыз дайынмын. Дегенмен, Ломаченконың қанша раунд болса да дамыл таппайтынын білемін. Соған дайын болуым қажет. Бұған менің шеберлігім де, қабілетім де жетеді. Оған қарағанда менің бойым да ұзын, денем де ірі. Бұрын да Василийдің стиліндегі боксшылармен жұдырықтасқанмын. Сондықтан, қарсыласымның мәнеріне үйренісу қиын болмайды деп ойлаймын. Менің мақсатым – өзіме ыңғайлы қашықтықты сақтап, оңтайлы сәттерді мүлт жібермеу. Жалпы, әлемге өзімнің қаншалықты мықты боксшы екенімді дәлелдеу қажет. Ломаченкомен жай ғана төбелесіп қоймай, жеңуді көздеймін. Жаттығу жиыны үшін Лас-Вегасты таңдадық. Теңіз деңгейінен біршама биіктікте жаттықтық. Шыдамдылығымызды күшейттік. 12 раундқа дайынмын деп ойлаймын. Жекпе-жек жақындап қалды. Шаршы алаңда барымды саламын. Меніңше жекпе-жек жылдам қарқында өтуі тиіс. Бұл интеллект пен техниканың текетіресі болмақ. Ломаченконы да жақсы білемін. Өте мықты, ақылды және әмбебап боксшы. Мұндай жекпе-жек бәріне де қызық деп ойлаймын, – деді Хосе Педраса.

Айта кетейік, Ломаченко кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізіп, соның 11-інде жеңіске жеткен. Тоғыз қарсыласын нокаутпен ұтқан. Орландо Салидодан ғана жеңілген. Педразаның еншісінде 26 төбелес бар. Соның 25-інде қарсыласын басым түсіп, 12 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Тек былтыр Джервонта Дэвистен ғана ұтылған.

Текст: Sadvakas Maikibayev