Хитчинс Кэмбососты нокаутқа жіберіп, Хейниді жекпе-жекке шақырды

IBF тұжырымы бойынша бірінші жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы Ричардсон Хитчинс 14 маусым күні Нью-Йоркте алғаш рет титулын қорғап, бұрынғы жеңіл салмақ чемпионы Джордж Кэмбососты 8-раундта нокаутпен жеңді.
27 жастағы америкалық Хитчинс кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген. Ол осы жолы да жекпе-жектің алғашқы раундтарынан бастап басымдықты қолға алып, 5-раундта қарсыласын нокдаунға жіберуге шақ қалған еді.
32 жастағы австралиялық Кэмбосос жекпе-жек алдындағы уәдесіне сай, тәуекелге барып, басымдықты қайтаруға тырысқанымен, Хитчинс жиі әрі дәл соққылар жасап отырды. Сегізінші раундта ол Кэмбосостың бауырына ауыр соққы жасап, нокдаунға түсіргеннен кейін рефери жекпе-жекті тоқтатты.
Жеңістен кейін Хитчинс үлкен жекпе-жектерге дайын екенін айтып, сол үшін промоутерлік келісімдерден бас тартуға да әзір екенін мәлімдеді. Жекпе-жекті тамашалауға WBO тұжырымы бойынша бірінші жартылай орта салмақ чемпионы Теофимо Лопес те келді. Жүргізуші оны атап өткеннен кейін ол рингке көтерілді. Алайда Хитчинс назарын бұрынғы әлем чемпионы Девин Хейниге аударып, оның атына балағат сөздер айтып, жекпе-жекке шақырды.
CompuBox жүйесінің мәліметінше, Хитчинс жекпе-жек барысында барлығы 398 соққы жұмсап, оның 205-ін дәл түсірген. Ал Кэмбосос 384 соққы жасағанымен, олардың тек 57-сі ғана нысанаға дөп тиді. Хитчинстің дәлдік көрсеткіші – 51,5%, Кэмбосостікі – небәрі 14,8%.
Чемпионның басымдығы айқын байқалды: ол дәл тиген джебтер саны бойынша – 118-ге 34, ал қуатты соққылар бойынша – 87-ге 23 есебімен Кэмбосостан айтарлықтай басым түсті.