Головкиннің спарринг-қарсыластарын джебпен құлатып жүр

2 сентября 2018 г.
Головкиннің спарринг-қарсыластарын джебпен құлатып жүр

Triple G мен Canelo жекпе-жегіне екі аптаға жетер-жетпес уақыт қалды. Головкиннің жаттығуларын өз көзімен көрген ағылшын менеджері Сэм Джонс жерлесіміздің дайындығы туралы былай дейді.

Сэм Джонс – ұлыбританиялық алып Джо Джойстың менеджері. Ал Джойс қазір Головкиннің жеке бапкері Абель Санчестің қарамағында жаттығып жүр. Сондықтан, Сэм соңғы айларда Головкиннің лагерін өз көзімен көріп, қазақстандық боксшының Сауль Альвареске қарсы дайындығын бақылай алды. Worldboxingnews.net айтына Triple G туралы көлемді сұхбат берген Сэм Джонс 15 қыркүйекте Лас-Вегаста өтетін жекпе-жек кешінде жерлесіміздің жеңісіне бәс тігетінін білдірді.

– Головкиннің мықтылығына тәнті болдым. Ол өзінің спарринг-серіктестерін джебпен-ақ құлатып жүр. Шынымды айтсам, ешқашан жерде шашылып жатқан мұншама денелерді көрмеппін. Бәрін шыбын сияқты «ұшырып» жүр. Иә, талай қырғын спаррингтерді тамашалап жүрміз ғой. Бірақ, ешқайсысы да Головкиннің жаттығуларымен теңесе алмайды. Тіпті, жеке бапкері Абель Санчес пен ағасы Максим оны «қой-қойлап», тынышталдырып та жүр. Әйтпесе, Геннадий қарсыластарын өлтіріп қоюы да мүмкін. Өзі де бар күшін салып жүрген жоқ. Өйткені, күшке салар болса, ешкім онымен спаррингке шықпай қояды, – деді Сэм Джонс.

Ұлыбританиялық менеджердің айтуынша, 15 қыркүйек күнгі жекпе-жек Геннадий Головкиннің жеңісімен аяқталуы тиіс.

Текст: Sadvakas Maikibayev