Головкиннің Канелодан кейінгі қарсыласы Джермалл Чарло бола ма?

23 апреля 2018 г.
Головкиннің Канелодан кейінгі қарсыласы Джермалл Чарло бола ма?

Кеше Бруклинде өзінің отандасы Уго Сентеноны екінші раундта нокаутпен жеңген америкалық Джермалл Чарло WBC тұжырымы бойынша орта салмақтың уақытша чемпионы атанып, Геннадий Головкиннің міндетті қарсыласына айналды. Демек, жерлесіміздің Канелодан кейінгі қарсыласы Чарло бола ма?

Жекпе-жектен кейін Джермаллдың өзі де қазақстандықты шаршы алаңға шақырып, «мен онымен жұдырықтасуға мүмкіндік алғым келеді. Өйткені, ол үздіктердің бірі, Даңқ залының болашақ мүшесі», – деп құрмет көрсетті. Бірақ, бұл айқас жақын арада өтеді дегенге сену қиын. Тіпті, сол күйі кездеспей кетуі де мүмкін. Себебі, Головкиннен жекпе-жекті күтіп, кезекте тұрғандар өте көп. Ал промоутері Том Леффлердің жоспарында әзірге Джермаллдың есімі мүлдем жоқ.

Ванес Мартиросянмен болатын кездесу Triple G үшін өтпелі жекпе-жектердің бірі болмақ. Әйтеуір, бабында сақтап тұру үшін ұйымдастырылған кездесу.

Одан кейін қыркүйек айында Сауль Альвареспен айқаспақ. Бұл Головкиннің ең маңызды жекпе-жегі. Он боксшымен жұдырықтасып, түсіре алмаған пайдасын осы Канелодан табады. Мексикалық «сары бала» үшін де солай. Сондықтан, екеуі бір-біріне өте тәуелді.

Мейлі, мексикалықты жеңді делік. Алайда, одан кейін Чарло үшін мүмкіндік жоқ. Канелодан кейін жерлесіміз өзінің назарын Билли Джо Сондерске тиесілі WBO белбеуіне бұратыны түсінікті. Бұл жекпе-жек осы жылдың желтоқсанында немесе 2019-дың ақпан-наурыз айларында ұйымдастырылуы мүмкін.

Ал егер орта салмақтағы барлық белбеуді біріктіре алар болса, онда Triple G чемпиондықтардан бас тарта салуы да ғажап емес. Онсыз да өзіне Америкада ат жасап алған Геннадий Канелоны жеңе алса, өзінің жанкүйерлер әскерін бұрынғыдан да көбейте алады. Бұдан кейін оған белбеудің да аса қажеті жоқ. Головкин белбеуге емес, белбеулер Головкинге тәуелді болады.

Ақша табу мақсатында Жапонияға барып, Риота Муратамен кездесуі мүмкін. Ол жақта кәсіпқой бокстың телерейтингі «ұрып» тұр. Бәлкім, екінші орта салмаққа өтіп, мексикалық Хильберто Рамиреспен немесе Ұлыбританияда Джордж Гроувс, Крис Юббенк сындылармен жұдырықтасар. Әйтеуір, бір жағынан аса қауіпсіз, екінші жағынан табыс әкелетін боксшыларды таңдайтын болады. Бұған оның толық құқығы бар.

Ал кәсіпқой бокста 27 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, соның 21-інде қарсыласын нокаутпен ұтқан Джермалл Чарло, шыны керек, қанша жерден мықты болғанымен, Америкада әлі атақты емес. Ең ірі жекпе-жектері аргентиналық Хорхе Хейланд пен Уго Сентеноға қарсы өткен. Мақтануға тұрарлық айқастар емес. Сондықтан, атағын асқақтату үшін Чарлоға алдымен Дэниел Джейкобс, Деметриус Андраде, Сергей Деревьянченко, Дэвид Лемье, Остин Трауттардың екі-үшеуімен жұдырықтасып, өзіне жанкүйер жинауы қажет. Ал турасында осы боксшылар бір-бірімен кездесіп болған соң ғана Головкинді жекпе-жекке шақырғаны дұрыс еді.

Текст: Sadvakas Maikibayev