Головкин мен Альварес арасындағы қарымта айқас өтпеуі мүмкін
Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы қарымта айқасты көреміз деп қыркүйек айын тағатсыздана күтіп жүрген шығарсыз. Күтпей-ақ қойыңыз, реванш болмауы мүмкін.
Канелоның дисквалификациясы тамыздың ортасында аяқталады. Сондықтан, былай қарап тұрсаң, орта салмақтың екі мықтысына қыркүйекте шаршы алаңда қайта кездесуге ешкім де кедергі бола алмайды. Бірақ Альварестің ұсынысына Головкин, Головкиннің талабына Альварес көнбей отыр. Осыған байланысты бұл жекпе-жек болмай қалуы да ғажап емес. Көңілден шықпайтындай, ол не қылған талап дейсіз ғой?
Былтыр қыркүйектегі жекпе-жектің қорытындысы бойынша, түскен табыстың 70 пайызы «Голден Бойға» бұйырып, 30 пайызына Triple G ие болған. Биыл Канелоның командасы гонорарды 65/35 пайыз деп тағы да өз пайдасына бөлді. Әу баста Головкин бұл ұсынысқа келіскен. Алайда, мамыр айында өтуі тиіс болған айқас Канелоның кесірінен кейінге шегерілгендіктен жерлесіміз енді гонорардың теңдей бөлінуін талап етіп отыр. Бұл «Голден бой» басшыларына ұнай қоймады. Мұндай сценарийді күтпеген олар абдырап қалды да, «келіспесең ғой. Сен болмасаң, Дэниел Джейкобс немесе Билли Джо Сондерс бар» деп шорт кесті. Енді не болар екен? Негізі, Головкиндікі де дұрыс. Еншісінде төрт белбеу бар. Альвареспен салыстырғанда мәртебесі жоғары. Ендеше неге гонорардың жартысынан астамын қарсыласына беруі қажет? Мәселен, 2015 жылы Канело WBC тұжырымының сол кездегі чемпионы Мигель Коттомен жұдырықтасқанда гонорар 55/45 пайыздық мөлшермен пуэрто-риколықтың пайдасына бөлінген. Ал Triple Коттодан да мықты және Канело екеуінің арасындағы айқас әлдеқайда көп табыс түсіреді.
Оның үстіне, реванштың мамыр айында өтпей қалуына Головкин еш кінәлі емес. Кінәлі – Альварес. Мексикалықтың кесірінен қазір жерлесіміз ІВҒ белбеуінен айрылып қалуы да мүмкін. Соның барлығын ескерер болсақ, Головкиннің гонорарды теңдей бөлуді талап етуі әділетті. Ал Канело айқастан бас тартса, өз еркі. Бәрібір басқа боксшымен мұндай бинго ұта алмайды. Тіпті, Джейкобс пен Сондерс те Канелоның қалтасын қампайта қоймайтыны белгілі. Түбі Головкинге айналып келетіні анық.