Гарик емес, ендеше бұл қай Мартиросян?
Кезекті рет Сауль Альварестен сан соғып қалған жерлесіміз Геннадий Головкин 5 мамыр күні Лос-Анджелесте Ванес Мартиросянмен кездесетін болды. Бұған дейін сіз бұл боксшы жайлы бірнәрсе білетін бе едіңіз?
Мартиросян дегенде есімізге бірінші кезекте АҚШ-тағы Ванес емес, Comedy club-тағы Гарик түсетіні белгілі. Шыны керек, кәсіпқой бокс туралы бұрыннан жазып жүрсек те, «бұл не қылған боксшы екен?» деп ғаламторды қопаруымызға тура келді. Оның кім екенін өзіміз де екі аптадай бұрын білдік.
Сонымен, Ванес Мартиросян – бүгінде АҚШ-тың Калифорния штатында тұратын армян боксшысы. 4 жасында әке-шешесімен бірге Глендейлге көшіп кеткен. Алғаш рет қолына былғары қолғапты 7 жасынды киіпті. 18 жасында АҚШ атынан Афины Олимпиадасына қатысқанымен екінші айналымда кубалық Лоренце Арагоннан жеңіліп қалған. Жалпы, әуесқой бокста Андре Берто, Остин Траут, Тимоти Брэдли сынды мықтыларды жеңген. 2005 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, 40 жекпе-жек өткізіпті. Соның 36-сында жеңіске жетсе, 3 кездесуде жеңіліп, біреуінде тең түскен. 21 қарсыласын нокаутпен ұтқан. Алайда, Ванесті мықты боксшы деп айта алмайсың. Өзінің маңызды айқастарының барлығын сәтсіз аяқтаған. Мәселен, 2013 жылы жартылай орта салмақ дәрежесінде WBO белбеуі үшін өткен жекпе-жекье Деметрий Андрадеден ұтылса, 2016 жылы WBA және WBO чемпиондық атақтары үшін өткен айқаста Эрисланди Лараның алдында тізе бүккен. Бұдан бөлек, Джермейл Чарлодан жеңілген. Ал ең қызығы, Мартиросян 2011 жылдан бері орта салмақта жұдырықтаспаған және шаршы алаңға шықпағанына екі жылдай болыпты. Яғни, былғары қолғабын Геннадий Головкинге бола қайта киіп отыр. Егер Triple G болмаса, сол күйі карьерасын аяқтай салуы да ғажап емес еді. Әрине, бокста бәрі де мүмкін. Алайда, өз басым, жекпе-жек жеті раундтан аспайды дегенге бәс тігем. Бәрі де солай ойлап отырғанына күмәнім жоқ.
Ендеше Том Леффлер неліктен IBF тұжырымы бойынша міндетті қарсыласы украиналық Сергей Деревьянченконы емес, жартылай орта салмақтағы Ванес Мартиросянды таңдап отыр? Головкиннің командасы Калифорнияда армян диаспорасы көп тұратындығын алға тартып, соның арқасында билеттердің бірден өтіп кететіндігін де айтып отыр. Бірақ, бұл сылтау ғана. Рас, украиналықты Америкада әлі ешкім танымайды. Өзінің бір сұхбатында Леффлер мұндай жекпе-жекті ұйымдастыру үшін кемі 2-3 ай қажет дегенді айтып қалды. Дегенмен, дәл қазір Деревьянченко Джейкобспен қатар Геннадий үшін ең қауіпті қарсыластардың бірі. Сондықтан, Том Леффлер осы жағын да ойластырған болуы керек.
Әйтсе де, Деметриус Андраде де Геннадиймен 5 мамырда айқасуға дайын еді ғой. Оның да Америкада жанкүйерлері жетерлік. Оның үстіне, жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген боксшы. Неліктен осы боксшыны таңдамады?
Егер Том Леффлер Головкинге қарсыласты 15 ақпаннан, яғни Канелоның ағзасынан кленбутерол табылғаннан бастап іздегенде, онда Билли Джо Сондерсті де көндіруге, Деревьянченкомен жекпе-жекті де жарнамалап үлгеруге болар еді. Демек, бұл бірінші ретте Леффлердің қателігі.
Қалай болған күнде де біз жерлесімізге сәттілік тілейміз! Жекпе-жектен кейін бұрынғы қарсыластары секілді Мартиросянды да ұмытып кетерміз.