Фредди Роуч: Пакьяо Бронерді жеңгеннен соң Мейвезерді орнына қойса деймін
Бокс әлемінің жарық жұлдызы, филиппиндік Мэнни Пакьяо WBA тұжырымы бойынша жартылай салмақта чемпиондық атағын қорғауға дайындалуда. Бокстан Халықаралық даңқ залының құрметті азаматы Фредди Роуч BoxingScene-ке берген сұхбатында жаңа жылдың алғашқы мегафайт сценарийінің нұсқасы мен боксшы мансабындағы жоспарлармен бөлісті.
Өткен жылы «Пакман» мен Роуч арасындағы ұзақ мерзімді серіктестік жаңарған болатын. Мэнни 24 жылдық кәсіби мансабында жалпы саны – 69 кездесу өткізген. Оның 34-іне дайындаған атақты жаттықтырушы өз өмірінің 16 жылын филлипиндіктің даңқын әлемге асырып, аты аңызға айналған боксшы етуге арнаған. Пакьяо бокс тарихында 8 түрлі салмақ дәрежесінде чемпиондық атаққа ие болған жалғыз былғары қолғап шебері.
– Қазіргі жаттығу лагерінде сіздің рөліңіз қандай? Бас жаттықтырушы ма? Кеңісші ме? Әлде, басқа мандат па?
– Басында Мэнни онымен Бубойдың (Фернандес) дайындық жасағанын қалады. Бірақ, Бубой Мэнниден ауыр болғандықтан, ол мені таңдады. Маған 12 раунд бойы «лапа» соққылаған қиын. Ол үшін тым жасым үлкен (биыл Роуч өзінің 59 жасын атап өтеді). Алайда, менің шамам жетіп жатыр. Дайындық барысында бірнеше рет соққының астында қала жаздадым, тек кеудемдегі қорғаныс мені құтқарды. Мэннидің сол баяғы қалыпта екенін көріп қатты қуандым. Шабуыл жасауын тоқтатпауын ескерттім. Ертеңгі шайқаста қарсыласы Бронер өзі сияқты соққы жұмсай алмайды. Ол ондай боксшы емес. Ол тек қарсы соққы жасауға тырысады.
– Егер Бронермен жекпе-жек бес жыл бұрын болған болса, ол осы шайқастан ерекшеленетін бе еді?
– Мен Бронерді өзінің төртінші кәсіби жекпе-жегін өткізген кезде көрдім. Ол өте жақсы, болашағынан мол үміт күттіретін жігіт болған. Қазір олай емес. Оны Мэнни Пакьяомен бір деңгейде деп ойламаймын. Мэннидің жаттығу тәсілі ерекше. Алдыңғы кездесуде ол өзінің қолынан не келетін көрсетті. Осы шайқаста да, жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын.
– Жекпе-жек қашан болса да сол бір сценариймен жүзеге асатын шығар?
– Иә, солай ойлаймын. Өйткені, Мэнни қай жағынан алып қарасақ та басым түседі. Ол соққылағанды жақсы көретін боксшы. Осы жекпе-жекте жеңіске жету үшін өз қолына ерік беру керектігін біледі.
– Бронердің қазіргі әлеуеті қандай?
– Оның жұдырықтасуы жоғары деңгейде болады деп ойлайтынмын. Менің ойымша, ол Мейвезерге еліктеуге тырысқан кезде-ақ, өзінің мансабын бұзды. Сосын оның басында түрлі мәселелер туындай бастады. Бір кездері одан болашағы жарқын боксшыны көретінмін, бірақ қазір бәрі өзгерді. Ол жартылай орта салмаққа тым кішкентай. Мэннидің қол сермеулеріне төтеп бере алмайтындардың қатарынан. Бронер үшін 130-135 фунт жақсы дивизион. Ол жекпе-жектер арасында салмақ жинайды, бірақ сосын оған лимитке сию қиынға соғады. Бұл – басқаларға еліктейтіндердің басты қателігі. Бокста сен өз-өзіңмен болуың керек. Осыған мойынсұну қажет.
– Бронерден төнетін қауіп қандай?
– Ол оң қолмен қарсы шабуылды жақсы жасайды. Соққысы ауыр. Артқа сүйеніп, оң қолмен панч жасағанды ұнатады. Біз үшін ең бастысы – сол соққыға түсіп қалмау. Мэнни мұндай жағдайда не істеу керектігін жақсы біледі. Біз оған дайындалдық.
– Алдағы жекпе-жектің мінсіз сценарийі қандай болмақ?
– Мэнни алдыңғы кездесуінде тамаша нокаутымен есте қалды. Бұл алты (тоғыз) жылдан бергі көңіл толарлық көрсеткіш. Оның ойында біреуді жарымжан ету жоқ. Ол тек жеңіске жеткісі келеді. Австриялық Джефф Хорнаға жеңілген шайқасында ол өзінің бар күшін пайдалана алған жоқ. Сондықтан, осы жолғы Бронермен болатын жекпе-жекте біз оның соққыларының қаншалықты ауыр екенін көрсетеміз. Мэнни нокаут жасауға тырыспайды. Дегенмен, нокаут жасайтындай мүмкіндік туса, қалт жібермейтіні анық.
– Егер жекпе-жек Пакьяоның пайдасына шешілсе, ары қарай қандай жоспарларыңыз бар?– Мэннидің Флойдтан (Мейвезер) таяқ жегінін көргеннен кейін, оған өткізген есесін қайтарса деймін. Бірінші кездесуге көңілім толмағандықтан, екеуінің арасындағы тағы да бір шайқасты көргім келеді. Дегенмен, оның командасымен келісу қиынға соғатынын білемін. Бірақ, 147 фунт салмақ дәрежесінде Мэнниға жақсы қарсылас бола алатын Эррол Спенс, Теренс Кроуфорд сынды мықты жігіттер көп.
– Мейвезермен рематч ұйымдастыру шынымен мүмкін бе, әлде бұл жай ғана үміт пе?
– Шын мәнісінде, ұйымдастыруға болады. Өткен шайқастың жеңімпазы Мэнни деп санайтындар көп. Олар Флойдтың жеңісінің сыры – Мэннидің иығын жарақаттап алуы дейді. Алғашқы төрт раундта ол шаршы алаңда үстемдік етті, бірақ сосын барлығы басқаша өрбіді. Мен олардың арасында тағы бір жекпе-жек көргім келеді.
– Егер реванш болмаса, Спенс, Кроуфорд немесе Турман Пакьяоның қарсыласы болуы ықтимал ма?
– Бұл жігіттер осы салмақтың кіл мықтылары. Егер Мэнни өз мансабын жалғастырса, мен оның ең мықтылармен төбелескенін қалаймын. Біз тиімді нұсқалар іздемейміз. Кіммен болса да, шығуға дайынбыз. Егер Флойд рингқа шықпайтын болса, Эррол Спенс, тағы басқалары кезекке тұрсын.
Естеріңізге салсақ, 40 жасар филиппиндік Мэнни Пакьяо (60-7-2,39 KOs) мен америкалық Эдриен Бронер(33-3-1, 24 Kos) арасындағы титулдық кездесу 19 қантар Лас-Вегастағы (АҚШ) MGM Grand аренасында өтеді.