Флойд Мейвезердің ағасы Роджер Мейвезер қайтыс болды

18 марта 2020 г.
Флойд Мейвезердің ағасы Роджер Мейвезер қайтыс болды

Бүгін Флойд Мейвезердің ағасы, нақтырақ айтқанда әкесінің інісі Роджер Мейвезердің қайтыс болғаны мәлім болды. Бірақ қайда, қалай көз жұмғаны анық жарияланған жоқ. Тек кіші-Флойд Мейвезердің командасы бұл ақпараттың анық екенін мәлімдеді. Соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп жүргені бұған дейін де айтылып жүрген...

Роджер Мейвезер 1961 жылы 24 сәуірде Гранд-Рапидс қаласында (Мичиган штатында) туған. 1981-1999 жылдар аралығында кәсіпқой бокс рингінің көрігін қыздырған. Екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болған (WBA және WBC тұжырымдары бойынша. 72 жекпе-жек өткізіп, оның 59-ында жеңіске жеткен. 35 рет нокаутпен үстем түскен. 13 мәрте жеңілістің кермек дәмін татқан.

Роджер Мейвезер қолғабын шегеге ілген соң өзінің інісін, яғни ағасының ұлы Флойд Мейвезерді жаттықтырған. Оның жарқын жеңістеріне өз үлесін қосқан, білікті маман болған. Алайда соңғы жылдары Роджер Мейвезердің денсаулығы сыр беріп, кіші-Флойд әкесінің қол астында жаттыға бастаған болатын.

Шетелдік басылымдар Роджер Мейвезердің денсаулығына кәсіпқой бокс рингіндегі айқастарының зардабы тигенін меңзепті. Оның тіпті тез қартайып кеткенін де шаршы алаңдағы карьерасымен ұштастырады. Біз білікті маманның жаны жәннатта болсын, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз.