Ерлан Бекқожин Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті болып сайланды

11 февраля 2020 г.
Ерлан Бекқожин Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті болып сайланды

VI есеп беру және сайлау конференциясына республикалық маңызы бар үш қаланың, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент шаһарларының, сондай-ақ еліміздің бірнеше өңірінің өкілдері қатысты. Осы ретте айта кеткен жөн болар, Алатаудың арғы бетінен Қырғызстан кәсіпқой боксының мамандары мен қайраткерлері де ат арытып келіпті. Олар да қазақтың кәсіпқой боксының бас жиынына қатысып кетті.

1980 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко өзінің есеп беру баяндамасында біздің елде қанша боксшының лицензия алғанын, қандай қазақстандық промоутерлік компаниялардың тіркелгенін, федерация туы астында неше бокс кеші өткенін тізіп шықты.

Боксшылардың денсаулығын қорғау мәселелері бойынша ҚКБФ медициналық комиссиясының төрағасы Евгений Грапов сөз сөйледі. Ал Ұлттық допингке қарсы орталықтың директоры Майра Бақашева допинг-бақылау мәселесін біраз көсеп өтті. Жалпы, конференцияның басты мақсаты кәсіпқой боксты дамыту барысындағы маңызды мәселелерді талқылау болды.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті болып, қайтадан елімізге кеңінен танымал тәжірибелі журналист, отандық медиа-кеңістіктің белгілі қайраткері Ерлан Бекқожин сайланды.

Ерлан Қалижанұлы өзіне үлкен сенім артып отырған федерацияның бүгінгі ахуалы жөнінде сөз қозғамас бұрын, кез келген арнаның бастау тартар қайнар көзі боларын тілге тиек етті:

– Қазір Қазақстанда кәсіпқой бокстың дамып келе жатқандығын ауызға алмас бұрын бірқатар маңызды мәселелерге көңіл аударған жөн. Бұл ретте, ең әуелі біздің елде әуесқой бокс мектебінің қалыптасқандығын айрықша атап өтуге тиіспіз. Біздің қайыс қолғапты қырандарымыз Серік Қонақбаев, Серік Нұрқазов, Валерий Рачков, Виктор Демьяненко және т.б. чемпиондарымызға еліктеп өсті. Олардан кейін Егемен Қазақстаннан шыққан Олимпиада және әлем чемпиондары аз болған жоқ. Ал қазір кәсіпқой боксқа ауысу мүмкіндігі пайда болды. Әрине, бұл орайда, Геннадий Головкин өз өміріңді бокс әлемінде жалғыстыра беруге болатындығын паш етіп, сүрлеу салып, жол көрсетті деуге болады. Ал бүгінде WBC, WBA, IBF, WBO сынды әйгілі кәсіпқой бокс ұйымдарының рейтингтерінде біздің отандастарымыз да төбе көрсетіп жүр. Әсіресе, біздің еліміздің бірнеше аймағында промоутерлік компаниялардың ашылып, олардың саны артып келе жатқандығы қуантады. Бұл да кәсіпқой боксқа қызығушылар санының артып отырғандығын және болашағы зор екендігін білдіреді.