Ерлан Бекхожин – Кәсіпқой боксшы болу үшін шет ел асудың қажеті жоқ

23 мая 2016 г.
Ерлан Бекхожин – Кәсіпқой боксшы болу үшін шет ел асудың қажеті жоқ

Астана төрінде өткен кәсіпқой бокс кеші көпшілік көңілінен шыққандай. Көрермендер мен келген қонақтар боксшылардың шаршы алаң ішіндегі қиян-кескі айқастарын кірпік қақпай тамашалады. Жеті жекпе-жек әр түрлі нәтижемен аяқталды. Нокаут та, нокдаун да болды, бастан-аяқ шиеленісті өткен айқас та делебені қоздырды.

Бокс кеші аяқталысымен Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясы президенті Ерлан Бекхожинді тілге тартып, қысқа ғана қорытындылап беруін сұраған едік.

– Ерлан Қалижанұлы, бүгінгі кеш туралы пікіріңізбен бөліссеңіз. Ұйымдастырылу жағына көңіліңіз тола ма?  

– Керемет, әсерлі кеш болды. Ұйымдастырылу деңгейі – өте жоғары деңгейде. Бәрі де мұқият ескерілген, бәрі де ұйымдасқан түрде өткізілді. Тіпті залдың безендірілуі, әртүрлі түстердің бір-бірімен үйлесімділігі өте келісімді шықты. Осы кеште шаршы алаңға шыққан боксшылар да ұнады. Шет елдерден де кәсіпқой бокс рингінде бірнеше жекпе-жек өткізген тәжірибелі тарланбоздар шақыртылған. Әйтсе де, Қазақстан боксшылары көрермендерді сүйсіндіріп, өз өнерлеріне көпшілікті тәнті етті. Жеті жекпе-жек те тартысты да, қызықты болды. Жалпы, кәсіпқой бокстағы күрзі жұдырықты жігіттеріміздің біршама ысыла түскендері байқалады. Деңгейлері өсіп, шеберліктері шыңдала түскен. Ең бастысы, боксшыларымыздың кәсіпқой боксқа деген қызығушылықтары артып келеді. Қазір олар кәсіпқой боксшы болу үшін міндетті түрде шет елге бару керек емес екендігін біледі.

– Естіп те жүр, көріп те келеді дейсіз ғой…

– Иә. Оған Diamond Ring секілді өзіміздің промоутерлік компаниямыздың да қабілеті жетеді. Өзімізде де қолынан игілікті істер келетін білікті мамандар бар. Содан соң бүгінгі бокс кешінде шаршы алаң жұлдыздары да аз болған жоқ. Өзіміздің төрткүл дүниеге танымал саңлақтарымыз Серік Нұрқазов, Серік Сәпиев, Виктор Демьяненко болды, сондай-ақ шет елден Орзубек Назаров бастаған танымал тұлғалар келді.
Осы ретте, мен бокс кешіне Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің келгеніне ерекше көңіл аударғым келеді. Екеуміз қатар отырдық. Кәсіпқой бокстың қызығы мен шыжығын көріп, таңданып та, тамсанып та отырды. Мұның бәрі біздің елде кәсіпқой боксқа деген бетбұрыстың, қызығушылықтың бір күндік емес екендігін көрсетеді. Бұл іске шындап тұрып кіріскендер баршылық. Мәселен, Diamond Ring промоутерлік компаниясының көздегені – әріде, қадамы – нық, мақсаты – айқын, межесі – биік.

– Жалпы, өзіңіз тізгінін қолыңызға алған Кәсіпқой бокс федерациясының да жоспарлары нақты екенін білеміз.

– Бүгінгі бокс кеші – жыл басынан бері қазақ топырағында өтіп отырған екінші шара. Бұған дейін ақпан айында Алматыда өткен. Жоспарларымыз жүйелі түрде жүзеге асуда. Алдағы уақытта кәсіпқой бокс кештерін тек Астана мен Алматыда ғана емес, аймақтарда да ұйымдастырып, өткізуді ойластырып жүрміз. Бәрі де ретімен, бәрі де уақытымен.

– Арық айтып семіз шыққыңыз келетін ойыңызды түсіндік. Жоба-жоспарларыңыз жүзеге асып, істеріңіз алға бассын.