Энтони Джошуа мен Джаррелл Миллер АҚШ-та жекпе-жек өткізбек
Британдық супер ауыр салмақтағы Энтони AJ Джошуаның (22-0, 21 KOs) Америка жеріндегі дебюті жаз мезгілінің басына жоспарланды.
WBA Super, IBF, WBO және IBO тұжырымдары бойынша әлемнің 200 фунттан (90 кг) жоғары салмақ дәрежесіндегі чемпионы алғаш өз отанынан тыс жерде жекпе-жек өткізеді. Джошуа осы күнге дейінгі 22 жеңісін (21 мерзімінен бұрын) өз туған елінде қанжығасына байлаған. Нью-Йорктағы (АҚШ) аты аңызға айналған Madison Square Garden аренасында 1-ші немесе 8-ші маусымда «ЭйДжейге» «корольдік» дивизионның шағылмаған «жаңғағы» Джаррелл Big Baby Миллер қарсылас болады.
«Үлкен баланың» қоржынында 23 жеңіс (22 уақытынан бұрын) пен 1 ешкімге бұйырмаған жекпе-жек бар. Өткен жылы америкалық боксшы рингке үш рет шыққан. Соңғы өткізген екі кездесуінде – поляктың ардагер боксшысы Томаш Адамек пен румын Богдан Динуды нокаутқа жіберген.
Өз кезегінде, британдық бокстың жұлдызы 2018жылы екі сәтті айқас өткізген. 29 жасар Джошуа наурыз айында отандасы Джозеф Паркерді төрешілер шешімімен жеңсе, қыркүйек айында супер ауыр салмақтың мықтысы, ресейлік Александр Поветкинді нокаутқа жіберген.