Елеусіновтен нокаут күтеміз бе, әлде?..
Бүгін Уэльс астанасы Кардиффте өтетін жекпе-жек кешінде шаршы алаңға жерлесіміз Данияр Елеусінов шығып, кәсіпқой бокстағы өзінің үшінші кездесуін өткізеді. Қарсыласы – венгриялық Габор Горбич. Көпшілік мамандар бұл айқастан нокаут күтіп отыр. Бірақ, мадиярлық боксшы оңайлықен құлай қоймайды-ау.
Біріншіден, Даниярдың жұдырықтасу мәнерінің өзі осындай. Ол ешқашан нокаут қумайды. Қарсыласын әбжыландай арбап жүріп жеңетін әккі боксшылардың қатарынан. Кейбір кезде Флойд Мейэузерге ұқсап кететіні де бар. Шаршы алаңда билеп жүріп төбелеседі. Ыңғайы келгенде ғана төтесінен соғып қалатыны болмаса, қарсыласын қуып сабайтындардың санатынан емес. Қарсыласын бір ұрып құлатқаннан гөрі өзінің өнерімен көрермендерге көбірек ләззат сыйлауға тырысады.
Бірінші кездесуінде Ноа Кидтің өзі соққыға түсіп қалды, әйтпесе оны да құлатайын деген ойы жоқ еді. Ал екінші жекпе-жегінде Золтан Шабомен толық 6 раунд төбелесіп шықты. Бүгінгі кездесуі де алты раундқа жоспарланған. Соңына дейін созыла ма, әлде Данияр қарсыласының ұрымтал тұсын таба ма, оны бірнеше сағаттардан кейін білетін боламыз.
– Әлбетте, елдің бәрі менен нокаут күтеді. Бірақ мен нокаут немесе нокдаун қуатын боксшылардың қатарынан емеспін. Кәсіпқой бокс – шоу. Ал шоудың басты элементтерінің бірі нокаут екенін түсінемін. Дегенмен, мен жанкүйерлерімді әдемі және жарқын жеңісімен қуантуға тырысамын, – деді бұл туралы жекпе-жек қарсаңында Даниярдың өзі.
Жекпе-жек кешін тікелей эфирден «Хабар» телеарнасы көрсетпек. Трансляция тамыздың 4-інен 5-іне ауған түні сағат 00:30-да басталады.