Джордж Форман «Уайлдер – Фьюри» айқасын тарихтағы қарымта кездесулердің үздік үштігіне қосты

17 февраля 2020 г.
Джордж Форман «Уайлдер – Фьюри» айқасын тарихтағы қарымта кездесулердің үздік үштігіне қосты

Кәсіпқой бокстан ең ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы, яғни 71 жастағы әйгілі Джордж Форман біздің уақытпен 23 ақпан күні таңертең өтетін қарымта кездесуге қатысты өте қызықты пікір білдірді. Ол америкалық Деонтей Уайлдер (42-0-1, 41 KO) және британдық Тайсон Фьюри (29-0-1, 20 KO) арасындағы екінші жекпе-жекті өте маңызды кездесу ретінде атап өтті.

Бокс тарихында өте маңызды үш қарымта жекпе-жек бар. Ең маңыздысы – Джо Луис пен Макс Шмелинг арасындағы айқас. Бұл күні бүгінге дейінгі мәні өте жоғары есе қайтару болды. Одан кейінгісі – Мохаммед Әли мен Джо Фрейзер арасындағы айқастар. Мен Әлиді ешкім жеңе алмайды деп ойлайтынмын, бірақ Фрейзер бүкіл әлемді таң қалдырды. Алайда Әли одан есесін қайтарды. Енді – Уайлдер мен Фьюри. Бұл жекпе-жек кәсіпқой бокс тарихындағы өте маңызды қарымта кездесу үштігіне кіреді, – депті әйгілі экс-чемпион шетелдік басылымдарға берген болжамында.

Әрі ол «Деонтей Уайлдер vs Тайсон Фьюри – 2» жекпе-жегі 12 раундқа созылып, төрешілердің екі айырылған, тіпті даулы шешімімен «Цыған королі» жеңеді деген ойын да жайып салған. Бірақ біз Форман бұл ретте тек ауыр салмақтағы қарымта кездесулерді есеп алды деп ойлаймыз. Әйтпесе, бокс тарихында өте маңызды және қызықты қарымта кездесулер аз болған жоқ қой...

Естеріңізге сала кетейік, америкалық Деонтей Уайлдер (42-0-1, 41 KO) және британдық Тайсон Фьюри (29-0-1, 20 KO) арасындағы қарымта кездесу біздің уақытпен жексенбі күні таңеретең, Лас-Вегас төрінде өтеді. Онда WBC тұжырымы бойынша ең ауыр салмақтағы чемпиондық атақты сарапқа салынады. Сіздер бұл жекпе-жекті «Хабар» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар. Ал әзірше біздің сайтымыздың «VIDEO» бөлімінен бұл екеуінің бұрынғы жекпе-жектерінің үзінділерін көрулеріңізге болады.