Джо Джойс неге дайын?
2 шілде күні Лондон төрінде өткен бокс кешінде Джо Джойс (14-0, 13 КО) Кристиан Хаммерді (27-10, 17 КО) мерзімінен бұрын жеңді. Олар 90,7 келіден астам салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Джойстың шынайы мүмкіндіктерін біз біле бермейміз деуге болады. Өйткені ол қазіргі қарсыласын да, алдыңғысын да оңай тізе бүктірді. Қыркүйек айында Джо Джойс 37 жасқа толады және өзінің беделді нұсқаларда әлем чемпионы атағына деген ұмтылысын ашық білдіреді. Ол, сөзсіз, назар аударуға лайық боксшы.
Өткен жылдың шілдесінде британдық былғары қолғап шебері 6 раундта техникалық нокаутпен 40 жастағы француз Карлос Такамды (39-6-1, 28 КО) жеңген болатын. Оның бұл жолғы қарсыласы Кристиан Хаммер – 34 жаста. Лондонда өткен жекпе-жек көрсеткендей, оның әйгілі боксшылармен кездесудегі басты мақсаты – ақша табу (атап өтетін жайт, олардың барлығы Хаммерден жеңілген). Оның мансаптық баспалдақпен көтерілу туралы ойы мүлдем жоқ сыңайлы.
Бір қызығы, Кристиан өзінің алдыңғы жекпе-жегін жақында ғана, 28 мамырда өткізді. Онда ол Босния және Герцеговинадан келген қарсыласы Дражан Джанянинді бірінші раундта нокаутқа түсірді. Джанянин оған дейін кәсіби рингке 22 рет жеңіс тұғырынан көрініп, 35 рет жеңілістің кермек дәмін татқан екен. Сондықтан, Джойспен жұдырықтасуға келісім Хаммер үшін қосымша ақша табу мүмкіндігі деген ой туындайды.
Бірақ, британдық үшін рингте мұндай ойын-сауық не үшін қажет? Шаршы алаңға шықпай жүрген боксшылар қатарына енбеу үшін бе?
Бірінші раундта Джойс қарсыласын арқанға тақаса да, жиі соққы жіберді. Келесі үш минутта оның соққыларының саны айтарлықтай өсті, ал қарсыласы еш жауап қайтармады. Үшінші раундта боксшылар соққылармен алмасты, олардың бірінен кейін Хаммер бір тізесімен нокдаунға отырды. Келесі үш минуттықта Джойс биіктік мен қол ұзындығы сынды артықшылықтарын пайдаланып, қарсыласына асықпай барып, еш кедергісіз соққы берді. Төртінші раундта үш нокдаун болды, Хаммер тепе-теңдікті жоғалтып, тізерледі. Содан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды, осылайша Джо Джойс техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Әрине, өте сенімді жеңіс болды. Бірақ, Джо Джойс өз отандастары Энтони Джошуа мен Тайсон Фьюри немесе украиндық Александр Усикпен әлем чемпионы атағына таласуға дайын ба? "Иә"-дан гөрі "жоқ" шығар...