Дәулет Дәукенов – Менің де Америкаға барғым келген

15 февраля 2020 г.
Дәулет Дәукенов – Менің де Америкаға барғым келген

Біз Дәулетті Қазақ елі астанасында соңғы спарринг кездесуін өткізіп, дайындығын пысықтап жатқан жерінен сөзге тарттық:

– Әуесқой бокстағы бар мақсатым Қазақстан ұлттық құрамасының сапына ілігу еді. «Өз салмағымда бірінші нөмірлі боксшы болмасам да, халықаралық аренада ел намысын қорғап, ұлттық құрама жейдесін кисем» деп армандадым. Алайда бұл ойым жүзеге аспады. Маңызды бір сында ұтылып қалып, біраз қапаландым. Негізі, жеңілген жоқ сияқты едім...

Әйтсе де, «жеңіске жеткенімді шаршы алаңда дәлелдей алмағаным ғой» деп өзімді кінәладым. Содан соң кәсіпқой боксқа ауысу туралы ой келді. Өйткені, отбасым бар, шаңырақ көтергенмін. Отағасы ретінде табыс табуым керек. Осылай, Ресейден бір-ақ шықтым.

– Неге Ресейге жол тартыңыз? Кәсіпқой бокстың бұрқылдап қайнап жатқан ортасы АҚШ емес?

– Әрине, менің де АҚШ-қа барғым келді. Әрине, менің де сол ортада шыңдалғым келді. Бірақ мен – қарапайым отбасынан шықан жанмын. Америкаға баруды қалтам көтермеді. Сондықтан, көрші елмен шектелуге тура келді. Ал негізі, Америкаға Ресей арқылы кетуді мұрат тұтқанмын...

– Әзірше, жеті жекпе-жек өткіздіңіз. Біреуінде ұтылып қалдыңыз...

– Ресейде екінші жекпе-жегімнен кейін олар маған келісімшарт ұсынды. Әлбетте боксшылардың деңгейіне мейілінше көз жеткізу үшін біраз аңыстап, 3-4 жекпе-жектен кейін ғана келісім-шарт ұсынады екен. Маған алғашқы жекпе-жегімнен кейін, «сен біздің көңілімізден шықтың» деді. Осылай бір жылдан сәл ғана асатын уақыт ішінде алты жекпе-жек өткіздім. Бәрі де Екатеринбург қаласында өтті. Соңғысында ұтылып қалдым...

Оның себебі көп. Сол жекпе-жекке бір жарым ай бойы Ресейде дайындалдым. Спаррингке ылғи салмағы өзімнен ауыр боксшыларды шығарды. Солардың бірімен жұдырықтасып жүріп, мұрным сынды. Олар маған жалақы төлемейтін. Тек әр жекпе-жектен гонорар беретін.

Сондықтан бос қайтқым келген жоқ. «Бір жарым айды бекерден-бекер өткізгенім бе, не де болса, рингке шығайын» деп шештім. Жеңемін деп ойладым. Қарсыласым сондай қарымды боксшы да емес еді (өзбек Зиоуидин Тохиров). Деңгейі сондай боксшыларды жеңіп жүргенмін. Бірақ ұтылып қалып, жеңілістің кермек дәмін таттым...

Шаршы алаңда – Дәулет Дәукенов

Жалпы, бұл жеңіліс маған көп сабақ болды. Ең бастысы, денсаулықты ойлау керек екендігін түсіндім. Осы жекпе-жектің алдында қарсыласымның сегіз рет өзгеруі де, Алланың «үйіңе қайт» деп тұрғаны екен. Сонымен қатар, менеджерлеріммен де түсінбеушіліктер болды.

Осы жеңілістен кейінгі жекпе-жегім, бір жыл үш айдан астам уақыттан кейін ғана өтті. Алматыда Қанат Исламның кешінде Молдова боксшысынан басым түстім. Ал маған шаршы алаңға жиі шығып, кәсіпқой бокс рингіндегі тәжірибемді толықтыра түсу керек. Сондықтан ресейлік менеджерлермен арадағы қатынасты үздім. Қазір «басы бос» боксшымын.

– Ақпан айының соңына қарай сегізінші жекпе-жегіңізді өткізеді екенсіз.

– 22 ақпанда Киевте шаршы алаңға шығамын. Қарсыласым – кәсіпқой бокс рингінде бес жекпе-жек өткізіп, төрт рет жеңіске жеткен, украин Игорь Сходняк деген жігіті. Алдағы жекпе-жегіме елордада да дайындалдым. Бекман Сойлыбаев ағаммен спарринг өткізіп, дайындығымды пысықтай түстім.

Сол үшін Бекман ағама рахмет! Жоспарлап отырған алдағы жекпе-жегінде тек жеңіске жетуіне тілектеспін. Сонымен қатар, Украинаға баруыма көмектесіп, қол ұшын беріп отырған адамдар бар. Олардың бәріне айтар алғысым шексіз. Енді тек сенімді ақтау керек.

– Өз сламағыңызға сіздің бойыңыз ұзындау сияқты...

– Бойым – 177 см. Бірақ менің салмағымда бойы меннен де ұзындар бар. Не айтпағыңызды түсіндім. Әрине, ара қашықтықты ұстап жүріп жұдырықтасқанды қалаймын. Жалпы, мен әдемі боксты, қиян-кескі айқасты ұнатамын. Сөз жоқ, ыңғайы келсе, қарсыласыңды сұлатып салып, жеңген жақсы ғой. Десек те, маған Серік Қонақбаев ағамыз сияқты боксты өнер ретінде сомдаған ұнайды.