Cәкен Бибосынов қытай боксшысынан ұтылып, жартылай финалға шыға алмады

9 марта 2020 г.
Cәкен Бибосынов қытай боксшысынан ұтылып, жартылай финалға шыға алмады
Фото - kfb.kz

Өкінішке қарай, бүгінгі күн біздің құрама үшін аса сәтті басталмады. Ерлер арасындағы 52 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Сәкен Бибосынов сенім үдесінен шыға алмады. Ол ширек финалда Қытай боксшысы Ху Жинхуадан ұтылып қалды. Қарсыласы айқын басымдық танытпаса да, есеп – 0:5 (27:30, 28:29, 27:30, 27:30, 28:29).

Бірақ Сәкен асықты. Ауызекі тілмен айтқанда, ол рингте төбелесіп кетті. Шаршы алаңды айнала қашқан қарсыласын қуалаумен болды. Әрі екі қолын түсіріп, қорғанысты ұмытты. Өзі де ұрды, соққылары Қытай боксшысына тиіп те жатқандай еді. Алайда екі қолын төмен түсіріп жүріп, өзі де оның соққыларын өткізіп алды...

Төрешілер жеңісті бірауыздан Ху Жинхуаға берді. Енді Сәкен тағы бір жекпе-жек өткізеді. Өзі сияқты ширек финалда жеңіліске ұшыраған Филиппин жігіті Карло Пааламмен кездесіп, қосымша (қалған) екі жолдаманың біріне таласатын болады. Бәлкім, сол жекпе-жекте тактикалық тұрғыда сауаттылық танытып, сабырлы болуға тырысар...