Чарлоның жаңа қарсыласы – Вилли Монроның орнын Матвей Коробов басты

18 декабря 2018 г.
Чарлоның жаңа қарсыласы – Вилли Монроның орнын Матвей Коробов басты

Желтоқсанның 22-сі күні Бруклинде өтетін кәсіпқой бокс кешінде Джермалл Чарло (27-0, 21 КО) бұған дейін жоспарланғандай кіші-Вилли Монромен (23-3, 6 КО) емес, Матвей Коробовпен (28-1, 14КО) кездеседі.

Боксшылар Чарлоға тиесілі орта салмақтағы WBC interium чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Кездесу 12 раундқа созылады деп жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, 3 қарашада Боксшылар Дүниежүзілік бокс кеңесінің «Таза бокс» бағдарламасы аясында допингтік тексерістен өтіп, Вилли Монроның ағзасынан допингтің белгісі табылған. Алайда, дәл қай түрі екені әзірге жарияланған жоқ. WBC де бұл жайлы ресми мәлімдеме жасамады. Бірақ, жекпе-жектен алып тастады. Оның орнын Матвей Коробов басады.

Бір қызығы, бүгінде АҚШ-тың азаматтығын қабылдаған Коробов та осы кешке бұрыннан дайындалып жүрген. Алайда, Чарлоға қарсы емес, сегіз раундтық текетіресте колумбиялық Хуан де Анхельмен төбелесуі тиіс болатын. Енді күтпеген жерден чемпиондық белбеуге таласатын болады. Мэттің өзі бұл жекпе-жекке келісімін беріп қойды. Boxrec.com сайты да Монроның орнын Коробовпен алмастырып қойды.

Дегенмен, соңғы жекпе-жегін екінші орта салмақ дәрежесінің аясында өткізген Коробов алдағы айқасқа да 168 фунтқа дайындалып жүрген. Енді алты күннің ішінде орта салмаққа түсе алар ма екен?

Кәсіпқой бокста 29 жекпе-жек өткізіп, соның біреуінде ғана ұтылған Матвей 2014 жылдың желтоқсанында күтпеген жерден ирландиялық Энди Лиден оңбай ұтылған. Жекпе-жек бойы қарсыласын бас көтертпеген ресейлік боксшы 6-шы раундта сәл босаңсып, Энди Лидің апсетіне түсіп қалады.

Айтпақшы, Джермалл Чарло мен Вилли Монроның айқасы 22 желтоқсан күнгі кештің басты жекпе-жегі болуы тиіс-тін. Енді басты жекпе-жекте шаршы алаңға Джермаллдың сыңары Джермелл Чарло мен Тони Хариссон шығып, екінші жартылай орта салмақтағы WBC чемпиондық белбеуін сарапқа салады.

Текст: Sadvakas Maikibayev