Чарло VS Коробов – Мэтт Монродан мықты ма?

20 декабря 2018 г.
Чарло VS Коробов – Мэтт Монродан мықты ма?

Желтоқсанның 22-сі күні Бруклинде Джермалл Чарло мен Матвей Коробов кездесіп, америкалыққа тиесілі WBC interium чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Дегенмен, соңғы сәтте ғана Монроның орнын алмастырғанға ма, Коробовты андердог деп жүргендер көп. Шынымен де солай ма? Ендеше Матвей мен Виллидің әлеуеттерін салыстырып көрелік.

Сіздерді қайдам, өз басым, Матвей Коробовты андердог дегенмен келіспеймін. Ал Вилли Монродан әлсіз деу тіптен артық.

Әуесқой бокс

Біріншіден, Вилли Монроға қарағанда Матвей Коробовтың әуесқой бокстағы тәжірибесі орасан. «Мангуст» АҚШ-тағы қайдағы бір болмайтын, «Империя ойындары», «Нью-Йорктің алтын қолғабы» сынды түсініксіз турнирлерінде топ жарып жүргенде Мэтт әлемнің екі дүркін чемпионы атанып үлгерген. Одан бөлек, Еуропа чемпионы. Ал қазақтарға Матвей Коробов 2008 жылғы Олимпиада ойындары арқылы жақсы таныс. Бейжіңдегі төртжылдық додаға басты фаворит ретінде қатысқан ресейлік боксшыны 1/8-ші финалда Бақтияр Артаев тоқтатқан.

Кәсіпқой бокс

Вилли Монроның кәсіпқой бокста жүргеніне биыл тұп-тура 10 жыл болыпты. Осы аралықта 26 жекпе-жек өткізген. Соның үшеуінде жеңіліп, 2015 жылдың мамырында Геннадий Головкиннен нокаутпен ұтылған. Басқа құламаған. 23 рет жеңіске жетіп, алты қарсыласын нокаутқа түсірген. Аймақтық және құрлықтық белбеулер үшін болған айқастарды санамағанда өмірінде екі рет чемпиондық жекпе-жекке қатысқан. Бірақ, екеуін де сәтсіз өткізген. Головкиннен құлағаны бар, былтыр қыркүйекте Билли Джо Сондерске тиесілі WBO чемпиондық белбеуіне таласып, «Сығаннан» да ұтылған.

Ал Матвей Коробов екінші рет чемпиондық белбеуге таласпақ. Біріншісі сәтсіз аяқталған. 2014 жылы WBO вакантты титулы үшін өткен чемпиондық жекпе-жекте ирланиялық Энди Лиді алты раунд бойы жеңіп жатып, 6-шы раундта қарсыласының апсетіне оңбай түсіп қалды. Жалпы, кәсіпқой боксқа Монромен қатар келген Мэтт үшін алдағы айқас 30-шы кездесу болмақ. Энди Лиден басқа ешкімнен жеңіліп көрмеген. 28 рет жеңіске жетсе, 14 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтапты.

Міне, осылардың барлығын ескере келе Мэтт Коробовты Вилли Монродан әлсіз дей алмаймыз. Ал алдағы айқас жоспарланғаннан да тартысты және қызықты өтуі тиіс.

Текст: Sadvakas Maikibayev